ЖАҢАЛЫҚТАР
Шымкентте Қаңтар оқиғасынан соң сотталған белсенді Қайрат Сұлтанбек бостандыққа шықты

Шымкентте Қаңтар оқиғасы кезінде "жаппай тәртіпсіздікке қатысты" деп айыпталған белсенді Қайрат Сұлтанбек амнистиямен босатылды. Бұл туралы Азаттыққа белсендінің өзі хабарлады.
Қайрат Сұлтанбекті бүгін, 24 қараша таңғы 11-лер шамасында босатқан. Белсендінің шығатын уақыты белгісіз болған. Қайрат отбасына босатыларынан жиырма минут бұрын ғана хабарласып үлгерген. Сондықтан белсендіні күтіп алуға тек жақындары келген.
– Мені амалсыздан шығарды. Шығармай қойса, олардың әділетсіздігі бетке басылып қалар еді. Түрмеден шыққаныма қуаныштымын. Басқасын ойлағым да келмейді. Заңсыз сайлау өтті. Бәрі заңсыз болып қалды. Билікке қарсымын. Позициям, пікірім өзгерген жоқ, – деді белсенді.
10 қарашада Шымкент қаласы Абай аудандық соты "Амнистия туралы" заңға сәйкес, Қаңтар оқиғасына байланысты "Жаппай тәртіпсіздік" бабы бойынша түрмеге жабылған белсенді Қайрат Сұлтанбекті тағайындалған жазасын өтеуден босату туралы қаулы шығарған еді.
Сұлтанбекпен бірдей баппен сотталған белсенді Жанмұрат Аштаевтың амнистия туралы өтініші қанағаттандырылмады. Қаңтар оқиғасына байланысты істі болған үшінші белсенді Ләззат Досмамбетованың амнистия соты өтетін күн әлі белгіленген жоқ.
15 шілдеде Шымкенттегі әл-Фараби аудандық соты Қаңтар оқиғасына байланысты Қылмыстық кодекстің "Жаппай тәртіпсіздік" бабы бойынша айыпталған белсенділер 44 жастағы Жанмұрат Аштаевты 3 жыл бір айға, 51 жастағы Ләззат Досмамбетова мен 48 жастағы Қайрат Сұлтанбекті 3 жыл 6 айға түрме жазасына кескен. 8 қыркүйекте Шымкент қалалық апелляциялық соты үкімді өзгеріссіз қалдырды. Аштаев пен Сұлтанбек түрмеде қалды, ал кәмелет жасына толмаған баласы бар Ләззат Досмамбетованың жазасын өтеу кейінге шегерілді.
Қазақстандық құқық қорғаушылар үш белсендіні "саяси тұтқын" деп таныған.
Басқа да жаңалықтар
"Қызымның өмірі жәй сан болып қалмауы керек". Алматыда қаза болған қыздың анасы президенттен көмек сұрады

Алматыда көп қабатты үйден құлап, қаза болған 22 жастағы Ақнәр Гүлістанның анасы Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаевқа қайырылды. Видеомәлімдеме Instagram-дағы Justice_for_aqnar парақшасында жарияланды.
Ақнәрдің анасы Гүлістан Қамиттің айтуынша, дәлелдер мен видеоматериалдар қызының бұл әрекетке өз еркімен бармағанын көрсеткен.
"Денесінде азаптаудың ауыр іздері болды. Телефонынан табылған видеоларда қызымды ұрып-соғып, қорлап жатқан сәттер бейнеленген. Қауіпсіздік камераларынан алынған жазбаларда оны терезеден лақтырып жібергені, оқиғадан кейін қызымның барлық мүлкі, ақшасы, заттары тіпті киімдері де жоқ болып шықты. Оның жанында болған екі қыз Қытай халық республикасының азаматтары (аттарын атайды – ред.) осы қылмысқа тікелей қатысы болуы мүмкін. Соған қарамастан олар бостандықта жүр. Бірі тіпті елден шығып, қайта оралды. Енді бірі 2025 жылдың 25 қаңтарында Қазақстан азаматтығын алды. Тергеп тексеру амалдары барысында ешқандай бұлтартпас шарасы қолданылған жоқ. Алматы қалалық тергеу органы мен прокуратурасы бұл істі жеңіл баппен - "өзіне-өзі қол жұмсауға итермелеу" деп бағалап, шынайы тергеу жүргізбей отыр" деді марқұмның анасы.
Ол президенттен қылмыстық істің бабын ауыстырып, "адам өлтіру" және "заңсыз бостандықтан айыру" баптары бойынша қарастыру туралы бұйрық беруді өтінді. Марқұмның анасы Алматының тергеу органдарына сенбегендіктен істі Астананың арнайы тергеу органдарының бақылауына беруді өтінді. Бұған қоса, Ақнәрдің өліміне қатысты бар күдіктілерді қамауды және тергеуді әділ жүргізуді сұрады.
"Мен тек қызым үшін емес, барлық ана мен болашақ ұрпақ үшін әділет сұрап отырмын. Қызымның өмірі жәй ғана сан қатарында жазылған статистика болмауы керек. Ол тірі жан еді. Арманы бар, болашағы бар сүйікті балам еді. Сол баламның әділдікке лайық екенін дәлелдеуге көмектесуіңді сұраймын" деді Гүлістан Қамит.
2024 жылы 20 шілдеде Алматыда 22 жастағы студент Ақнәр Гүлістан көп қабатты тұрғын үйден құлап мерт болған. Полиция "өзін өлтіруге итермелеу" бабы бойынша қылмыстық іс қозғаған. Марқұмның туыстары оны азаптап, терезеден құлатып жіберген деп санайды. Марқұмның анасы баспасөз жиынында және Азаттыққа берген сұхбатында қызының денесінен соққы іздері табылғанын, тырнақтары мен шаштары жұлынғаны анықталғанын айтқан. Ол сонымен біре соны дәлелдейтін видео-фото материалдар берген. Марқұмның отбасы істі "Адам өлтіру" және "Азаптау" баптары бойынша тергеуді және кінәлілерді жауапқа тартуды талап етіп отыр.
Ақнәр Гүлістан - Алматыдағы КИМЭП университетінің түлегі. Анасының сөзінше, ол бес тілде еркін сөйлеген, арман-мақсаты бар қыз болған.
Солтүстік Кореяда суға түсіру рәсімінде жаңа эсминец Ким Чен Ынның көзінше аударылды

Солтүстік Кореяның солтүстік-шығысындағы Чхонджин қаласында кеме жасау зауытында суға түсіру рәсімі кезінде жаңа эсминец тесіліп, аударылды. Оқиға елдің басшысы Ким Чен Ынның көзінше болды.
Кореяның орталық телеграф агенттігінің мәліметінше, оқиға 21 мамырда болған. Кемені тасуы тиіс болған арба қатар жылжымай, соның салдарынан түсіру құрылғысы жолдан ерте шығып, кеме тесіліп, оның тұмсығы жолда қалған.
Ким оқиғаны "жауапсыздық пен ғылыми емес тәжірибеден туындаған қылмыс" және "мемлекеттің беделіне нұқсан келтіру" деп атады. Оның сөзінен Кореяның орталық телеграф агенттігі үзінді келтіреді.
Оқиға еңбек партиясының орталық комитетінің пленумында қаралмақ. Ким кемені маусымға дейін қалпына келтіруді талап етті. Қазір эсминец портта аударылып жатыр деп хабарлады Оңтүстік Кореяның біріккен қолбасшылығы.
Жаңа құрастырылған эсминец туралы ашық дерек өте аз. Солтүстік Корея оның атын да атамады. Оның сыйымдылығы – 5 мың тонна деп айтылады. Егер оны қалпына келтірсе, ол Солтүстік Корея флотындағы ең ірі екі кеменің бірі болмақ.
- Аталған эсминец кеменің "Чхве Хён" түріне жатады. Жаңа үлгідегі бас кеме сәуір айында суға түсірілген. Жарияланған суреттерге қарағанда, бірінші кемеде үш түрлі 74 зымыранға арналған қондырғы жүйелері, бір 100-130 мм артиллериялық қондырғы, екі алты ұңғылы 30 мм артиллериялық қондырғы, зениттік-зымырандық және артиллериялық жүйе және болжам бойынша, қиғаш қондырғылары бар деп жазды imp-navigator блогы.
Министрлікті сынап жүрген Кирилл Павлов өзін "жалған ақпарат таратты" деп айыптағанын хабарлады

Ауыл шаруашылығы министрлігін (АШ) сынап жүрген сарапшы Кирилл Павлов әлеуметтік желі парақшаларында егіс алқаптарына қатер төндіріп жатқан шегірткелер туралы бірнеше пост жазған. Осыдан кейін сарапшы өзіне қарсы "Жалған ақпарат тарату" (456-2, 3-бөлік) бабы бойынша хаттама толтырылып, сотқа шақырылғанын хабарлады.
Оның соты 22 мамырда таңертең өтуі тиіс болған, алайда өтпей қалған.
Кирилл Павлов өзінің жазбаларында АШ министрлігі Қазақстан бойынша 2,1 млн га жер шегірткеден зардап шеккенін айтқанмен бір ғана Жамбыл облысында азиялық шегірткенің таралу аумағы 2.6 млн га жететінін жазған.
"Және бұл кофеге қарап жасалған жорамал емес – ұзақ уақыт бойы жүргізілген бақылаулар, мұрағат, спутник суреттері және нақты көші-қон бағыттарына [негізделген]. Бұл аймақтар әр маусым сайын зардап шегеді. Бұл жерде «мүмкін» деп айта алмаймыз – қазір «болып отыр» деп жазды Кирилл Павлов.
Ол АШ министрлігінің деректеріне сүйене отырып, 2024 жылы шілдеде Жамбыл облысында шегірткеге қарсы 96 мың гектар жер өңделгенін, бірақ аумақта шегірткенің таралу аумағы 3,5 млн гектардан асқанын алға тартқан. Ол 2024 жылы осындай шараларға 8,1 млрд теңге жұмсалғанын атап өткен.
Ratel сайтының жазуынша, шегірткеге жауапты ауыл шаруашылығы министрлігіне қарасты өсімдікті қорғау басқармасы Павловтың жазбасындағы деректерді жоққа шығарып, Жамбыл облысында шегіртке басқан аумақ көлемі 107 мың гектардан асқанын, министрліктің жүйелі жұмыс жүргізіп жатқанын айтқан. Министрлікке қарасты Жамбыл облысындағы «Республикалық фитосанитариялық диагностика және болжамдар әдістемелік орталығы» республикалық мемлекеттік мекемесі Павловтан жазбаны өзгертуді сұраған.
Сайттың жазуынша, сотқа шақырылған Павлов енді бұған жауап ретінде бас прокурорға арыз жазып, ғайбаттау және кәсіби қызметіне кедергі келтіру бойынша шағым жазған.
"Ауыл шаруашылығы министрлігі конструктивті қимылдаудың орнына мемлекетке көмектесу мақсатында пікір айтып, материал жариялағаны үшін қысым, қоқан-лоқы және жария түрде айыптауға көшті" деді Павлов. Оның сөзінен сайт үзінді келтіреді.
22 мамыр күнгі брифинг кезінде Азаттық тілшісінің сұрағына жауап берген ауыл шаруашылығы вице-министрі Ермек Кенжеханұлы Павловтың желідегі жазбаларында “тиісті дәйектемелер” жоғын, шегірткенің таралу ауқымы барған сайын азайып келе жатқанын айтты.
“Біріншіден, былтырмен салыстарғанда шегірткенің таралу аймағы азайып келе жатыр. Екіншіден, ақпаратта тиісті берілген дәйектемелер жоқ. Сонымен қатар статистика бойынша да дұрыс дәйектемелер берілмеген. Бұл жерде біздің айтып отырғанымыз, 2,1 млн га жоспарланып отыр, ал берілген ақпаратта шегірткенің таралу аумағы кем дегенде 5 млн га деп көрсетілген” деді вице-министр.
Трамп еуропалықтарға "Путин соғысты тоқтатқысы жоқ" деген - WSJ

АҚШ президенті Дональд Трамп 19 мамырда еуропалық лидерлермен сөйлескен кезде "Владимир Путин Украинадағы соғысты аяқтағысы жоқ, себебі ол соғыста жеңіп жатырмын деп санайды" деген. Бұл туралы дереккөздеріне сілтеп америкалық Wall Street Journal басылымы жазды.
19 мамырда Трамп Путинге хабарласып, Украинадағы соғыс туралы сөйлескен еді. Осыдан соң Трамп Украина президенті Владимир Зеленскийге және Еуропа одағына мүше елдердің лидерлеріне хабарласқан.
Wall Street Journal басылымының жазуынша, еуропалық лидерлер Путиннің соғысты аяқтағысы келмейтінін бұрынырақ түсінген, бірақ мұны Трамптың аузынан алғаш рет естіген. Дегенмен Трамп бұған дейін "Путин соғыстан шаршады, қақтығысты тоқтатқысы келеді" деп бірнеше рет айтқан еді.
Ақ үй Wall Street Journal басылымына пікір білдіруден бас тартып, "АҚШ президенті Путинмен әңгіме қалай болғаны жайлы желіде жазды" деген.
Трамп Truth Social желісінде "Әңгіменің ауаны өте керемет болды. Олай болмаса, бірден ашығын айтар едім" деп жазған.
Бұған қоса, Трамп Еуропа жетекшілеріне Ресей мен Украина арасындағы келесі келіссөз маусым айының ортасында Ватиканда өтуі мүмкін деген. АҚШ президенті Ватиканға мемлекеттік хатшы Марко Рубио мен арнайы уәкіл Кит Келлогты жіберетінін айтқан. Бұл жөнінде де The Wall Street Journal жазды.
FT: Алиджан Ибрагимовтің ұлы ERG акционерлерінің үлесін сатып алғысы келеді

Алиджан Ибрагимовтің ұлы Шухрат Ибрагимов ERG компаниясының бақылау пакетіне ие болу үшін қалған акционерлердің үлесін сатып алғысы келеді. Бұл жөнінде бірнеше дереккөзге сүйенген Financial Times жазды.
Басылымның жазуынша, ол Патох Шодиев пен жуырда қайтыс болған Александр Машкевичтің отбасына компанияның 40 пайыз акциясын өзіне сатуды ұсынған.
1994 жылы Eurasian Resources Group (ERG) компаниясын құрған Алиджан Ибрагимов, Александр Машкевич және Патох Шодиевтің әрқайсысы компанияның шамамен 20 пайыз акциясына ие, ал қалған 40 пайыз акция Қазақстан үкіметіне тиесілі.
38 жастағы ERG-да Шухрат Ибрагимовтің өзі 2015 жылдан бері істейді. 2021 жылы әкесі қайтыс болғаннан кейін директорлар кеңесінің құрамына енген.
Компанияның негізін қалаушылар былтыр өздерінің акцияларын мұраларына бере бастаған – Шодиев басқаруды ұлы Сабир Шодиевке, Машкевич жиен інісі Эдуард Сурлевичке тапсырған. Үлесті сату бойынша келіссөз сол кезде басталса, биыл наурызда Алексанр Машкевичтің өлімінен кейін жылдамдаған деп жазды басылым. Дереккөздер Шодиев пен Машкевичтің отбасылары үлестерін сатуға дайын екенін, бірақ оның бағасы дау болғанын айтқан. Олар акция пакеті үшін 1,8 млрд доллар сұраған, бірақ Ибрагимов одан азырақ соманы ұсынған. Тараптар сонымен бірге Ибрагимовтің өзге ортақ активтердегі үлесіне алмастыру мүмкіндігін де талқылаған.
ERG құпиялылықты алға тартып келіссөзге қатысты түсініктеме бермеген. Басылымның жазуынша, Қазақстан үкіметі негізгі акционердің тұрақты әрі ұзақмерзімді болғанын қалайды, сондықтан ол Ибрагимовті қолдаудан "кетәрі" емес.
Бұған дейін Reuters америкалық кәсіпкер Джеймс Кэмерон ERG-ді 5 млрд долларға сатып алғысы келетінін жазған еді. Кейін Шухрат Ибрагимов компанияның сатылатындығын жоққа шығарған.
Eurasian Resources Group (ERG) компаниясына Қазақстанда «Қазхром», «Қазақстан аллюминийі», Соколов-Сарыбай тау-кен байыту бірлестігі, «ТрансКом» және өзге де кәсіпорындар кіреді. Аталған кеніштерге тиесілі шахталарда жұмысшылар жиі зардап шегеді. Биыл ақпанда "Қазхромға" қарасты комбинатта төрт жұмысшыны күйік шалған. Олардың бірі кейін алған жарақаттан қаза болды.
Саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу күні митинг өткізуге өтініш берген белсенділер рұқсат ала алмады

“Белсенділер экстремист емес” тобының хабарлауынша, Астана, Шымкент, Павлодар, Өскемен, Семей, Орал қалаларында жергілікті атқару органдары 31 мамыр күні митинг өткізуге рұқсат бермеген.
Әкімдіктер берген жауаптарында ол күні алаң бос болмайтынын, өтініштің дұрыс жазылмағанын, сұраған алаң митинг өткізетін орындар қатарына кірмейтінін және өзге де себептерді алға тартқан. Аталған топта олардың жауаптары да жарияланған. Мысалы, 20 мамыр күнгі жауабында Семей әкімдігі “Бейбітшілік” алаңы аумағында және “Қазан ағашы” саябағына қарай жолда экологиялық акция өтетінін жазған.
Оралдық белсенді Бекболат Өтебаев осы аптада "Ашаршылық құрбандарын еске алу шеруін өткізу туралы ескерту-хат өткіздік, әкімдік 1916 мен 1991 жылдардағы аштық пен қуғын-сүргін құрбаны болған миллиондаған адамның өліміне кінәлі басқыншыны қолдады" деп жазды.
Азаттық аталған әкімдіктерден жауап ала алуға тырысып жатыр. Әкімдіктердің баспасөз қызметтерінің телефоны әзірге жауап берген жоқ.
Бейсенбі күні Орал қаласы ішкі саясат басқармасының маманы Ерасыл Ғалымов Азаттық тілшісіне кейінірек жауап беретінін жеткізді.
“Белсенділер экстремист емес” есебінше, 2020 жылдың 30 шілдесі мен 2025 жылдың 19 мамыр аралығында елдің 22 қаласы мен елді мекенінде бейбіт митинг, шеру, жалғыз адамдық пикет өткізу туралы кемінде 691 өтінішке рұқсат етілмеген.
Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев 2020 жылы мамырда бейбіт жиындар туралы заңға қол қойып, бұдан былай бейбіт жиындарды өткізу үшін биліктің рұқсаты қажет емес, тек алдын ала ескерту ғана сұралады деген. Бірақ іс жүзінде құзырлы органдар бейбіт жиын өткізу туралы хабарламадан соң, ол жиынды өткізуге тыйым сала салады. Құқық қорғаушылар мен белсенділер билік содан бері митинг пен пикет өткізу туралы талай өтінішті мақұлдамағанын айтқан.
Украина Харьков облысымен шекарада Ресей әскері көбейгенін хабарлады

Украинаның қарулы күштері Харьков облысының Ресеймен шектесетін аумағында Ресей әскері көбейгенін хабарлады.
Бұл жөнінде украиналық «Суспільне» телеарнасында «Хартия» 13-жедел бригадасының штаб бастығы Андрей Помахайбус айтты. Оның пікірінше, Ресей әскері штурмға дайындалып жатқан болуы мүмкін.
"Әдетте ресейліктер аралас принцип қолданады: артиллерия, жою және барлау үшін дрон және ауыр техниканы біріктіреді. Бір мезетте жаяу әскер де көбейеді: яғни назар бір бағытқа аударылады да, ал басқа бағытта қозғалыс болады" деді Андрей Помагайбус.
Оның сөзінше, оптикалық талшықтағы ресейлік дрондардың ұшу қашықтығы 15-30 шақырымға жетуі мүмкін және бұл күрделі мәселе, өйткені мұндай дрондарды істен шығару мүмкін емес. Дегенмен мұндай аппараттарға қарсы тұру механизмдері әлі де бар деді Помагайбус.
Шерзаттың өлімі бойынша сот: Сотталушылардың бірі қылмысты кім мойнына алатыны алдын ала келісілгенін айтты

Талдықорғанда 21 мамырда өткен сотта негізгі сотталушылардың бірі Абзал Шынасыл 16 жастағы Шерзат Полатты өлтірмегенін, сотталушылармен өзара келісіп, тергеу кезінде “қылмысты мойнына” алғанын айтты.
- Мойныма алған себебім, біз Талғар қаласында полиция басқармасында болған кезімізде тергеушілер “мұны бір адам істеді. Бір адам мойындарыңа алмасаңдар қиын болады” деді. Бізді Қонаев қаласына этаппен алып кететін болды. Газельдің ішінде Равиль Сәкиев, Шыңғыс Белғожев, Азамат Тоқтаубаев төртеуміз болдық. Сол кезде сөйлестік. Равиль Сәкиев "мынаны бір адам істеді. Бір адам мойындасын. Мойындамаса бәрімізге қиын болады" деді сол кезде, - деді Абзал Шынасыл сотта.
Оның сөзінше, Шерзат Полаттың ағасы Нұрғанат Ғайыпбаевқа (былтыр қыста қаза болған) пышақ сұққанын басқа біреу мойнына алуы тиіс болған.
Ол сотта Ғайыпбаевқа үш рет пышақ сұққанын мойындап, мылтық атқаны үшін ызаланып, солай істегенін жеткізді.
Ол Шерзат Полатты ұрғанын да мойындады.
“Шерзат Полат жерге құлады. Оның неден құлағанын білмеймін. Шалынып құлаған шығар деп ойладым. Ол отырып қалды. Сол кезде “Скорый, скорый” деп айғайлап жатты. И ұрдым. Сол кезде арқамнан біреу тартты. Қарасам, танымайтын Дархан Әскентай екен. Оны танымағандықтан екі рет ұрып жібердім. Нұрғанат Ғайыпбаев қашып кетті екен десем - бейнежазбадан көрдім - оны сүйреп алып кеткен екен. Бардым. Барған кезде ол етбетімен жатты. Құйымшағы ашық жатыр екен. Төс қалтамдағы пышағымды алдым да пышықтың ұшын 1-2 сантиметр ұстап, жамбасына үш рет сұғып алдым. Бәрі “кеттік, кеттік” деген соң көлікке отырып кеттік” деді Абзал Шынасыл.
21 мамыр күні сотталушылардан жауап алу аяқталды. Сотта соңғы жауап берген Дидар Қалиахмет те жауап берді. Ол сотта төбелеске қатыспағанын айтты. "Неге көмек сұрағандарға көмек бермедіңіз?" деген сұраққа ол "қорқып, не істерін білмей дағдарып тұрып қалғанын" айтты.
Істе 9 айыпталушы бар. Қылмыстық іс бас-аяғы 62 томнан тұрады.
- 2024 жылғы 4 қазанда Шерзат Полаттың отбасы жалға алып отырған Талғардағы дүкенге тауар сатып алуға келген адаммен арадағы даудың аяғы жанжалға ұласқан; әлгі адам көмекке достарын шақырып, төбелес барысында суық қару қолданылған. Оқиға салдарынан пышақтан өлімші болып жараланған жасөспірім сол жерде қаза болды. Кейін марқұмның отбасының үйі өртеніп, полиция ауданда күзетті күшейткен. Оған дейін Шерзаттың туыстары әкімдік алдына жиналып, тергеуді ашық әрі әділ жүргізуді талап еткен.
- Ішкі істер министрі Ержан Сәденов бұған дейін Шерзат Полаттың қазасы бойынша іс "Адам өлтіру", "Бұзақылық", "Қорқыту", "Қылмысты жасырып қалу" және "Қылмыс туралы хабарламау" баптары бойынша тергеліп жатыр деп хабарлаған. "Қасақана кісі өлтіруге қатысы бар" деген күдікке ілінген сегіз адам, "Қылмыс туралы хабарламау" бабы бойынша күдікті үш адам сот санкциясымен қамауға алынған еді.
- Әлеуметтік желіде "Талғардағы қылмысқа жүгенсіз кеткен "Хутор" бандасының қатысы бар" деген ақпарат тарады. Алайда полиция мұндай топ барын жоққа шығарды. Аудан тұрғыны Хасан Қасымбаев әлеуметтік желіде өзі жайлы тараған әлгі ақпаратты жоққа шығарып, жұрттан өзі туралы жалған хабар таратпауды сұрап мәлімдеме жасаған. Қарашада Қасымбаев 2021 жылы маусым айындағы оқиғаға байланысты "Денсаулыққа қасақана ауыр зиян келтiру" және "Адам ұрлау" баптары бойынша күдікке ілініп, тергеу сотының шешімімен екі айға қамауға алынды.
- Қоғамда резонанс туғызған Шерзат Полаттың өлімінен кейін Алматы облыстық полиция департаменті бастығының бірінші орынбасары, Талғар аудандық полиция басқармасының бастығы, департаментке қарасты экстремизммен күрес басқармасының бастығы, криминалды полиция басқармасының және ұйымдасқан қылмыспен күрес басқармасының жетекшілері, тағы бірнеше лауазымды адамдар қызметтен босатылды.
- Былтыр 9 желтоқсанда Шерзат Полаттың туысы Нұрғанат Ғайыпбаев қайтыс болды. Полиция "марқұм өзіне қол салған" деген алдын ала болжам барын хабарлады. Марқұмның жақындары Ғайыпбаевтың "суицид жасағанына" сенбейтінін айтқан.
- Нұрғанат Ғайыпбаевтың қазасынан кейін Шерзат Полаттың жақындары әкімшілік жауапқа тартылды. Марқұмның әкесі Қаржаубай Нұрымов 15 күнге қамауға алынып, үстінен қылмыстық іс қозғалған еді. Онымен бірге екі туысы 15 күнге қамалып, тағы біреуіне айыппұл салынған.
Адвокаты Марат Жыланбаевтың жағдайы туралы айтты

«Алға, Қазақстан» тіркелмеген оппозициялық партиясының лидері, марафоншы Марат Жыланбаевқа адвокаты Мейіржан Досқараев кіріп шықты. “Белсенділер экстремист емес” тобы Степногорскіге барған адвокат пен белсендіні қолдаған жақтастарының видеосын жариялады.
“Қазір жағдайы жақсы дейтіндей ешнәрсе жоқ. Өйткені осы аштықтан кейін денесі ісіп кеткен. Тұзды тамақтан дейді. Дәрігер тексеріп, анализ бәрін алған. Қазір сол дүкенге барып, ішінде дүкен бар ғой, сол дүкеннен тұзы жоқ тамақ, су алсам ба деп ойлаған. Бірақ оған арыз жазып, рұқсат алу керек екен. Сол бойынша қазір бастығына кіріп шықтым. Айттым. Сондықтан әзірге жағымды ешнәрсе жоқ” деді адвокат Мейіржан Досқараев видеода.
Адвокаттың сөзінше, қазір түрме әкімшілігі Жыланбаевтан бұрынғы басшылық рұқсат берген заттарын (ағаш жонатын, сурет салатын заттар, шағын тоңазытқыш тағы басқа) мекемеден алып кетуді талап етіп отыр. Оның сөзінше, Жыланбаев наурыздан бері бірде-бір газет алмаған. Оған жазылған хаттар да жетпейді. Ең соңғы хатты былтыр тамызда алған.
Телеграм-арнаның хабарлауынша, бүгін адвокатпен қатар белсендінің жақтастары да Степногорскідегі N4 мекемеге барған.
Бұған дейін Жыланбаевқа түрмеден телефон шалуға тыйым салынғаны хабарланған еді.
Марат Жыланбаев сәуірде бастаған аштық акциясын 4 мамырда - 40 күн толғанда тоқтатқан. Жұбайы оның ағзасы әлсіреп, диарея басталғанын айтқан. Оның сөзінше, күйеуі қаншама протест жасаса да әлі күнге дейін не сурет салуға, не жүгіруге рұқсат берілмей отыр.
Өткен аптада әйелі Жыланбаевтың орамал, төсек жайма, өзге де жеке заттары тәркіленгенін айтқан еді. Ал ҚАЖД жоққа шығарған.
2023 жылы қарашада Астана соты Марат Жыланбаевты "экстремистік ұйым ісіне араласты" және "экстремизмді қаржыландырды" деген айып бойынша 7 жыл түрмеге кескен. Жыланбаев пен оның жақтастары тағылған айыптарды саяси астары бар деп жоққа шығарды.
Қазақстандық құқық қорғаушылар оны "саяси тұтқындар" тізіміне қосқан. Ресми Астана елде саяси тұтқын жоқ, ешкім саяси ой-пікіріне бола қудаланбайды деумен келеді.
Халықаралық адам құқықтарын қорғау ұйымдары Қазақстан билігін белсендіні босатуға шақырып келеді. International Partnership for Human Rights ұйымы жақында Жыланбаевқа бұлдыр әрі нақты емес тұжырымдармен тағылған айыптар оның бейбіт оппозициялық қызметі үшін кек алу мақсатында қозғалған деп мәлімдеді.
Абай облысында әскерге үш апта бұрын шақырылған сарбаз көз жұмды

Қазақстанның шығысында Аягөз гарнизонында әскери борышын өтеген үш апта бұрын әскерге шақырылған сарбаз көз жұмды. Оның өліміне менингит себеп болғаны айтылды.
Сарбаз биыл 25 сәуірде Солтүстік Қазақстан облысынан әскерге әкетілген. 16 мамырда кешке сарбаз өзін жайсыз сезініп тұрғанын, дене қызуы көтерілгенін айтқан. Ізінше ауруханаға жатқызылған.
"Бастапқы тексеру және емдеуден кейін сарбаздың жағдайы жақсармады. 17 мамырда қосымша тексеру жүргізілді, оның ішінде УДЗ (бас және мойын тамырларының ультрадыбыстық доплерографиясы - ред.) және КТ (компьютерлік томография) жүргізілді. Нәтижесінде науқас әрі қарай ем алу үшін Аягөздің орталық аудандық ауруханасына ауыстырылды. 18 мамырда сарбаздың жағдайы күрт нашарлады. Реанимация бөлімінде көрсетілген барлық медициналық көмек пен қарқынды терапияға қарамастан, оны аман алып қалу мүмкін болмады" деп хабарлады Қазақстан қарулы күштеріне қарасты құрлық әскері қолбасшылығының баспасөз қызметі.
Оның өліміне қатысты қылмыстық іс қозғалған.
Orda сайтының жазуынша, марқұмның туыстары сарбазға омыртқа ауруы және көру қабілетінің нашарлауы диагноздары қойылғанын айтқан. Ол әскери қызметке жарамсыз болған, бірақ соған қарамастан оны танк бөліміне жіберген.
Марқұмның анасының сөзінше, 22 сәуірде түнде оның үйіне екі әскери қызметкер барып, қоқан-лоқы жасаған.
"Ұлым әскери қызметтен қашып жүргенін айтып, "қылмыстық жауапкершілікке тартыласыңдар" деп қоқан-лоқы көрсетті. Істі әскери прокуратураға тапсырады деді. [Әскерден бас тартсаңдар] 4 млн теңге айыппұл төлейсіңдер деп айтты. Бізде ондай ақша жоқ. Өзіміз пәтер жалдап тұрып жатырмыз. Таңертең оны әскерге алып кетті. Ол кезде жұмыста едім. Оны пойызға мінген кезде ғана көре алдым. Тұрақты түрде хабарласып тұрдық. Ештеңеге шағымданбаған еді. Кенет ұлым жансақтау бөліміне түсті. Командирі "бәрі жақсы болады, алаңдамаңыз" деген. Біз сенбей, туысымызды жібердік. Ол Саламат есінен танып қалды деді. Оған таңертең бардым. Сол күні күндіз оның жүрегі тоқтады" деді марқұмның анасы.
Кейінгі үш жылда Қазақстан әскерінде 270 әскери қызметкер қаза болды, 86-сы өзіне қол жұмсаған. Қаза болғандардың туыстары әскери бөлім басшыларын кінәлайды. Ресми хабарламаларда олардың аурудан, жол апатынан және суицидтен қаза болғаны жазылады.
ҰҚК шекара қызметінде қанша сарбаздың қаза болғаны белгісіз. Ведомство оны құпия деректер санатына жатқызады.
Белсенді Марғұлан Боранбаев түрмеден босап шықты

Мәжіліс депутаты Ермұрат Бапи 20 мамырда Facebook парақшасында "елдің егемендігіне, қазақтың намысына араша түсем деп, сотты болған Марғұлан бауыр Боранбай бес жылдан соң түрмеден шығып, ағасына амандасуға келіпті" деп жазды. Боранбаевпен түскен суретін де жариялаған.
Бапидің сөзінше, олар "шартты түрде мерзімінен ерте босап шығуына көмектесу үшін" былтыр күзде түрмеге барған кезде белсенді "ешкімнен кешірім сұрайтындай кінәм жоқ" деп өтініш жазудан бас тартқан.
Қазақстандағы саяси қудалау туралы ақпарат тарататын Tirek info сайтының мәліметінше, Марғұлан Боранбаев әлеуметтік желіде ұлттық-патриоттық тақырыптар жөнінде жазатын белсенді. Ол Қазақстандағы отарсыздандыру және советтік мұралардан арылу мәселелерін қозғаған.
2022 жылғы наурызда Алматы соты Марғұлан Боранбаевты 2018 жылдан бастап әлеуметтік желіде "ұлтаралық және әлеуметтік араздық қоздыратын", "орыс ұлты өкілдерінің ұлттық ар-намысына тиетін жазбалар жариялағаны" үшін айыпты деп танып, бес жылға соттаған.
Белсенді әлеуметтік желіде ресейлік шенеуніктердің Қазақстан жөнінде айтқан сындарына қарсы пікір білдіріп, Қазақстанның Ресеймен интеграциясына қарсы екен айтқан және Ресейдің Украинаға басқыншылығын сынаған. Боранбаев әлеуметтік желіде жазбаларды жазғанын мойындаған, бірақ өзіне тағылған айыппен келіспейтінін мәлімдеген.
2023 жылы қыркүйекте Ермұрат Бапи түрмеде белсендінің соққыға жығылғанын айтқан. Қылмыстық-атқару жүйесі комитеті ақпарат "шындыққа сәйкес келмейді" деп мәлімдеген.
Еуроодақ Азаттыққа 5,5 млн еуро көлемінде көмек береді

Еуроодақ Азат Еуропа/Азаттық радиосы медиакорпорациясына 5,5 млн еуро көлемінде көмек береді. Бұл жөнінде 20 мамырда ЕО-тың сыртқы саясат жөніндегі жоғарғы өкілі Кая Каллас мәлімдеді.
Калластың сөзінше, одаққа мүше елдердің саясат жөніндегі басшылары "Азат Еуропа радиосының өте маңызды жұмысын қолдау үшін" осындай қаржы бөлу туралы шешім қабылдаған.
ČT24 телеарнасының жазуынша, қаражат "Демократия үшін Еуропа қоры" үкіметтік емес ұйымы арқылы жіберілмек. Штаб-пәтері Прагада орналасқан «Азат Еуропа/Азаттық» радиосына қаржы іздеу бойынша Еуроодақтың талпыныс жоспарына Чехия үкіметі жетекшілік етпек.
Калластың сөзінше, ЕО ұйымның толық қаржы шығынын өтей алмайды, бірақ "көрші орналасқан" және "тәуелсіз ақпаратқа зәру" елдерге көмектесе алады. Ол сонымен бірге АҚШ-тан көмектің азаюына байланысты одақ көмек көрсету бойынша "стратегиялық бағыттарды" да қарастыратынын атап өтті.
Ол ЕО елдері алдағы уақытта көбірек қаржы бөледі деп үміттенетінін жеткізді.
Азаттық радиосы қазір Конгресс бөлген қаражатқа қол жеткізу үшін АҚШ-тың Ғаламдық медиа жөніндегі агенттігімен (USAGM) соттасып жатыр.
- Азат Еуропа/ Азаттық радиосы – 1953 жылдан бері жұмыс істейтін тәуелсіз медиаұйым. Ол Ғаламдық медиа жөніндегі агенттік арқылы АҚШ Конгресі бөлетін қаражат есебінен жұмыс істейді.
- Қазақ тілінде хабар тарататын Азаттық радиосы - Азат Еуропа/ Азаттық радиосының құрамдас бөлігі. Ол 1953 жылдан бері жұмыс істейді.
- Наурызда USAGM Конгресcтің биыл Азаттыққа бөлген шамамен 75 млн долларын бұғаттағанын мәлімдеген. Мұндай шешімді USAGM-ның уақытша басшылығы АҚШ президенті Дональд Трамптың "АҚШ салық төлеушілерінің қаражатын ысырапсыз жұмсауды жою туралы" бұйрығы негізінде қабылдаған. Азат Еуропа/Азаттық радиосы Вашингтондағы федералды округтік сотта USAGM басшылығының шешіміне қарсы шағым түсірген. Cодан бері Азаттық радиосы мен USAGM арасындағы сот жалғасып жатыр.
- Қаржыландыруды тоқтату туралы ақпарат шыққанда Азаттық оқырмандары оған қолдау білдіріп, түрлі пікір айтты.
Алматыдағы "Барыс-4" базарында ондаған адам автотұрақ жерін алуға қарсы шықты

Алматыдағы "Барыс-4" сауда базарында жұмыс істейтін ондаған адам 20 мамыр күні осы базар аумағынан 23 сотық жер телімінің алынуына қарсылық білдіріп жиналды. Наразылыққа себеп болған аумақта Қазақстанның өңірлері мен шетелден келетін жүк көліктері аялдайтын тұрақ бар.
Базарда еңбек етіп, нәпақа тауып жүргендер егер бұл аумақ алынатын болса, жүздеген адам жұмыссыз қалатындығына алаңдайды деп жазды "Власть" басылымы.
– Біз тауарды осы жерден қабылдап, Алматы қаласына таратамыз. Егер бұл орын жойылатын болса, онда мыңдаған адам табысынан айырылады деген сөз. Біздің жұмысымыз осы тұраққа тікелей байланысты, – деді наразылардың бірі.
Базарда отыз жылдан бері еңбек етіп келе жатқан Жанна Сүйіндікованың сөзінше, бұл көтерме сауда базары елдегі азық-түлік бағасына ықпал етеді.
– Біз салық төлейміз. Әкімшілік қала бюджетіне ай сайын қанша миллион түсіріп отырғанын өзім де нақты білмеймін. Бірақ бұл базар – Қазақстандағы бағаның қалыптасуына тікелей әсер етеді, – деген ол "Власть" басылымына.
Ал "Азаматтық қорғаныс" қоғамдық бірлестігінің төрағасы Андрей Ушаковтың айтуынша, Алматы қаласының Жер қатынастары басқармасы былтыр қыркүйек айында осы жер телімін жалға алған Market Rent Company серіктестігінің үстінен сотқа талап-арыз түсірген.
– Серіктестік салық төлеп отырғанымен, жерді жалға алу шартын ұзартпаған. Сондықтан сотқа жерді алу туралы талап-арыз түсті. Сотта біз бұл шешім базардың қаржы және шаруашылық қызметіне тұсау салады деп айтқанбыз. Алайда ол уәжіміз ескерілмеді. Қалалық мамандандырылған экономикалық соттың жерді алу туралы шешімі дау-дамайға ұшырады. Қоғамда осында резонанс болады деп алдында ескерткенбіз, – деген Ушаковтың сөзін келтірген "Власть" сайты.
Басылымның жауынша, Алматы қалалық әділет департаменті Market Rent Company серіктестігі даулы жердегі сауда контейнерлерін, күзет үйшігін және шлагбаумды өз есебінен алып тастауға тиіс деп көрсеткен.
Алмалы аудандық әкімшілігі мен базар әкімшілігінен наразыларға ешкім бармаған. Азаттық тілшісі даулы мәселеге байланысты түсініктеме алуға талпынғанымпен, олар телефон қоңырауына жауап бермеді.
Қостанай өңірінде жол апатынан алты шетелдік қаза болып, бес адам ауруханаға түсті

20 мамыр күні таңертең Қостанай облысында, Ресеймен шекараға жақын маңда, "Қайрақ" шекара бекетінен 2 шақырым жерде жолаушы таситын Ford Transit маркалы шағын автобус пен DAF маркалы жүк көлігі Алматы – Екатеринбург бағытындағы жол үстінде соқтығысқан.
Облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметінің ақпараты бойынша, шағын автобуста он жолаушы – шетелдік азаматтар болған. Автобустағы алты адам сол жерде тіл тартпай кеткен. Зардап шеккен бес жолаушы Қарабалық ауданының орталық ауруханасына жеткізілген.
Полиция оқыс оқиғаға ұшыраған адамдар қай елдің азаматтары екенін нақтылап айтпаған.
Азаттықтың Тәжік қызметі – Озоди радиосы хабарласқан адамдардың сөзінше, қаза тапқандардың барлығы – Тәжікстанның Құбодиён ауданынан шыққан тұрғындар. Олар Ресейге жұмыс істеуге бара жатқан.
Қазіргі уақытта бұл оқиғаның егжей-тегжейін басқа ресми дереккөзден нақтылау мүмкін болмай отыр.
Жол-көлік оқиғасына байланысты жол қозғалысы ережелерін өрескел бұзу және адам өліміне әкеліп соғу фактілері бойынша қылмыстық іс қозғалды деп хабарлады Қостанадай облыстық полиция департаменті.
Жыл басынан бері елде 5 бала терезеден құлап мерт болып, 55 бүлдіршін зардап шеккен

2025 жылдың басынан бері Қазақстанда 60 бала терезеден құлап кетіп, олардың бесеуі мерт болған. Тағы 55 бала түрлі дәрежедегі жарақатпен ауруханаға түскен. 20 мамырда Қазақстанның төтенше жағдайлар министрлігі (ТЖМ) жариялаған үндеуде осындай мәлімет айтылған.
Министрлік дерегінше, мұндай қайғылы оқиғалар көбіне жылы мезгілде, әсіресе жазғы демалыс кезінде жиілейді. Оқыс оқиғаға ересектердің қарауынсыз қалған 2-13 жас аралығындағы балалар тап болып жатады.
Былтыр елде осындай 196 оқиға тіркелген. ТЖМ жұртқа жылда жаз мезгілінде мұндай оқыс оқиғалар көбейе түсетінін ескертеді. Көп жағдайда балалар терезеге масадан қорғану үшін орнатылған торға сүйеніп, әлгі тор баланың салмағынан сынған сәтте биіктіктен құлап кетеді дейді төтенше жағдайлар қызметі.
– Бала терезеден құламас үшін ондай оқиғалардың алдын алуға болады. Ол үшін ата-ана қарапайым қауіпсіздік шараларын орындаса жеткілікті, – деді ТЖМ ресми өкілі Динара Нұрғалиева.
Ол кішкентай баланы ешқашан қараусыз қалдырмауға, терезелерге арнайы бекіткіш құрылғылар орнатып, терезе алдына бала шығып кетпейтіндей сақтық шараларын ескеру қажеттігіне назар аударады.
ТЖМ ата-аналар мен заңды өкілдерге әлгіндей оқыс оқиғаның алдын алу үшін қауіпсіздік шараларын қатаң сақтауға кеңес береді:
- баланы қараусыз қалдырмау;
- масадан қорғанатын тор баланы терезеден құлап кетуден сақтап қала алмайтынын ұмытпау;
- терезеге арнайы бекіткіштер мен айқара ашылудан шектейтін құрылғылар орнату;
- бала өрмелеп шығатын заттар мен жиһазды терезе маңынан алыс ұстау.
Баланың өмірі мен денсаулығы үшін жауапкершілік ересектерге жүктеледі, деп ескертеді мемлекеттік орган өкілі.
ПІКІРЛЕР