2013 жылдан бері Қазақстанда 21 мамыр мәдениет және өнер қайраткерлерінің күні болып бекітілген. Биыл атаулы күн қарсаңында президент Қасым-Жомарт Тоқаев Ақордада мәдениет және өнер саласында еңбек етіп жүрген бір топ адамды мемлекеттік наградалармен марапаттады.
Мемлекет басшысы бұл марапаттың мәнін ұлттық мәдениетті дамытуға және насихаттауға қосқан үлесі, мәдениет саласында жеткен жетістігі мен Қазақстан республикасына сіңірген еңбегі үшін деп түсіндірді.
Мәселен, дәстүрлі әнші Қайрат Байбосыновқа елдегі ең жоғарғы марапат – "Қазақстанның еңбек ері" атағы "Отан" орденімен қоса берілді. Алматы қаласы мен облысындағы екі музейдің қызметкері "Парасат" орденін, Ресей мен Қазақстанға ортақ бір кинорежиссер "Достық" орденін алды. Үш адам "Қазақстанның халық әртісі" атағына, 20 адам "Қазақстаның еңбек сіңірген қайраткері" атағына ие болды. Және 28 адам "Құрмет" орденімен марапатталып, 42 адам "Ерен еңбегі үшін" медалін алды.
– Мәдениет пен өнердің ағартушылық әлеуеті орасан зор. Бұл сала ұлт санасын жаңғыртуға ерекше ықпал етеді. Өскелең ұрпақ сіздердің туындыларыңыздан тәлім-тәрбие алады. Қоғамда жаңа этика мен құндылықтар қалыптасады. Өнер-білім арқылы жастарымыз жасампаз, жаңашыл әрі еңбекқор болып өседі. Сонда біз шын мәнінде әділетті, қауіпсіз, таза және өркениетті мемлекет боламыз. Мәдениет және өнер қызметкерлері осы маңызды жұмысқа зор үлес қоса береді деп сенемін, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Қазақстанда азаматтарды түрлі қызметіне қарай президенттен бастап жергілікті әкімдікке дейін марапаттау үрдісі қалыптасқан. Мемлекеттік марапаттар жүйесінде 3 ең жоғары дәрежелі белгі, 11 орден, 20-дан астам медаль және 10-нан астам құрметті атақ бар. Биыл жарияланған Жұмысшы мамандықтар жылына байланысты мемлекеттік марапаттар жүйесіне жаңадан 9 құрметті атақ қосылды. Былтырдан бері билік осы атақ пен медальді жүздеген адамға табыстады. Соның біразын шолып шығайық.
Марапат табысталатын кештер жыл аяғы таяғанда көбейеді. Былтыр 4 желтоқсанда, Адвокатура күніне орай билік бес адамға "Ерен еңбегі үшін" мемлекеттік награда-медалін беріп көтермеледі. Заң саласының бұрынғы 12 қызметкері "Еңбек ардагері" медаліне, ал әділет органдарының 25 маманы "Әділет органдарының дамуына қосқан үлесі үшін" ведомстволық медаліне ие болды.
11 желтоқсанда үкімет тағайындайтын "Дарын" мемлекеттік жастар сыйлығын ғылым, әдебиет, қоғамдық қызмет және спортта жүрген 20 адам алды. Мәдениет және ақпарат министрі Айда Балаева лауреаттарды диплом, төсбелгі және қомақты қаржылай сыйлық беріп қошеметтеді.
Арада екі күн өткенде – энергетиктер мейрамында президент Тоқаев бір топ маманды марапаттайтын жарлыққа қол қойды. Атап айтсақ, энергетикаға сіңірген еңбегі үшін 1 адам "Парасат" орденімен, 19 энергетик "Құрмет" орденімен, 36 жұмысшы III дәрежелі "Еңбек даңқы" орденімен наградталды. 56 қызметкерге "Ерен еңбегі үшін" медалі тапсырылды.
Жаңа жыл басталғанан кейінгі 5 айда да мемлекеттік мекемелер дәріптеген адамдар жүздеп саналады. Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек 26 ақпанда оннан астам ғалымға диплом, төсбелгі мен сертификаттар табыс етті. Ол үздік ғалымдарды қолдап, ғылыми ортаға серпін беруді мақсат еткенін айтады.
Бір ай бұрын Отан қорғаушы және Жеңіс күні мейрамдарына қарсы 51 әскери қызметші мемлекеттік наградалармен, 61 әскери қызметші ведомстволық наградалармен марапатталды. Қарулы күштер қатарында ұзақ қызмет еткен 2 274 адам "Мінсіз қызметі үшін" медалін, 153 зейнеткер "Қарулы күштердің ардагері" медалін тағынды.
"Сыйлық алуға лайық"
Қазақстанда мемлекеттік наградалар саны әлем елдерімен салыстырғанда орташа деңгейде. Ең көп марапат беретін мемлекеттер қатарында емес, дегенмен марапаты аз елдерге де кірмейді.
Қоғамда билік марапатты еңбекті бағалау үшін ғана емес, өзіне азаматтардың адал болуын көздеп табыстайды деген де пікір бар. Расымен солай ма? Бұл сауалды парламент мәжілісінің депутаттарына қойып көрдік. Олардан қандай мемлекеттік марапат я атағы барын, оның түпкі мәні не деп сұрадық.
Айгүл Құспан, мәжіліс депутаты
– Жалпы президентіміз жазушыларды, өнер адамдарын жақсы көреді, өйткені олардың маңыздылығын түсінеді. Ал тек қана билікке адал адамдар [марапатталды] деп ойлаймаймын.
– Өзіңіздің қандай атақ-дәрежеңіз бар?
– Төтенше және өкілетті елші деген дәрежем бар, одан кейін, "Құрмет" және "Парасат" ордендері иегерімін.
– Марапат не үшін қажет?
– Бұл марапатқа енді, үйдегілерге, туысқандарыңа көрсетіп, "қап, мамам көрмеді, әкем жетпеді осы күнге" деп қарап қоясың да, болды.
Мұрат Әбенов, мәжіліс депутаты
– Байқанғаным, қазір марапатты жан-жақты зерделеп, түрлі ұйымдардың, өңірлердің ұсыныстарымен беріп жатыр. Кеше ғана Қызылорда облысы бойынша осы өнер саласына еңбегі сіңген мықты азамат марапатталды, таңертеңнен бастап құттықтап жатырмыз. Сол себепті марапаттар тек қана билікке ұнайтындарға берілді дегенге келіспеймін.
– Өзіңіздің қандай марапатыңыз бар?
– Парламент депутатымын – мен үшін ең үлкен жауапкершілік те, міндетім де осы, – депутат Мұрат Әбенов.
Самат Нұртаза, мәжіліс депутаты
– Менің ойымша, бұл алдын ала сарапталған, кеңесіп, ақылдасқан шешім. Себебі марапатталған әр адамның еңбегі бар, олар сырттан келген немесе кеше ғана пайда болған азаматтар емес. Әрине, сіз айтқан пікірлерді естіп жатырмын, мүмкін кейбір мәселелерде оның да жаны бар шығар. Бірақ жалпы алғанда, менің ойымша, бұлар марапатқа лайық азаматтар деп есептеймін, – деді депутат Самат Нұртаза.
– Өзіңіздің қандай марапатыңыз бар?
– "Ерен еңбегі үшін" медалі және тағы бір орденім бар, қазір нақты есімде жоқ, кешірерсіздер.
– Марапаттың мақсаты қандай?
– Адамның істеген еңбегінің бағасы деп есептеймін. Ертең ол өмірден өткенде ұрпағы айтады, атам, әкем "Еңбек ері" я "Парасат" ордені иегері, "Халық қаһарманы" иегері еді деп айтады, мақтан тұтады. Сондықтан бұл енді бір рухани жұбаныш дейміз бе, мәні сондай.
Айдос Сарым, мәжіліс депутаты
– Бала кезден құрметтейтін Қайрат Байбосынов сынды азаматымызға қоса аймақтарымыздан өте көп адам алыпты, мысалы, біздің облыстық филармонияда, мәдениет ошақтарында жұмыс істеп жүрген көп азамат марапатталды, соған риза болдым, – деді депутат Айдос Сарым.
– Өзіңіздің қандай марапатыңыз бар?
– Менде "Ерен еңбегі үшін" медалі, "Құрмет" ордені бар.
– Мұндай марапаттың түп мақсаты қандай?
– Кем дегенде мемлекеттік қызметшілерді белсенді қызмет етуге баулу ғой бұл, мемлекеттік қызметтің немесе басқаның керемет мүмкіндігі жоқ, сондықтан ынталандырудың бір түрі.
Ринат Заитов, мәжіліс депутаты
– Кейбір атақтардың берілуі мүлдем түсініксіз. Сол тұрғыдан қарағанда қоғамның жаңағы сіз айтқандай пікір білдіруі өте заңды деп ойлаймын. Өйткені мұндай марапаттар көбейген сайын ондай пікір бізде де пайда болады.
– Өзіңіздің қандай атақ, марапатыңыз бар?
– 2018 жылы "Мәдениет саласының үздігі" болдым, сосын 2023 жылы ма, "Құрмет" орденін берді. "Мәдениет саласының үздігі" маған тікелей айтыскер, ақындар мен жыршы-термешілер одағының тізімі бойынша берілгендіктен бұл жерде қандайда бір месседж болды деп ойламаймын. Өйткені біз, айтыскер ақындар ол кезде мүлдем атақтан қағылып жүрген кезең болатын. Сол кезде Жүрсін Ерман ағамыз барып, осыны тиісті министрліктен, қазақша айтқанда, бұлдап, біраз ақынға сондай атақ берілген болатын. Ал "Құрмет" орденінің артында қандай да бір месседж бар деп ойлағанның өзінде, егер оның өтеуі бар дейтін болса, онда кез келген уақытта бас тартуға дайынмын.
"Балаға кәмпит бергендей"
Қазақстанда биліктің адамдарға еңбегі мен атқарған қызметіне сай әртүрлі атақ беруі қалыпты нәрсе көрінсе де елде бұл үрдіс кейінгі жылдары тым жиілеп кеткен жоқ па деген сауал төңірегінде түрлі пікір-көзқарас бар. Қоғам белсендісі, саяси сарапшы Дос Көшім Ақорданың орден, медаль таратуын сонау совет заманынан қалған ескі тәсілге жатқызады.
– Біріншіден, бұны қалыпты мәселе деп айтпас едім, себебі өркениетті елдерде мен осы мәселені көрген жоқпын, мемлекет тарапынан атақ беруді. Оны халықтың өзі я солардың бір қауымдастығы береді. Бұл біздің кеңес өкіметінен бері келе жатқан ерекшелігіміз дейміз бе, мемлекеттің тәсілі дейміз бе, сондай нәрсе. Расында, кейінгі екі-үш жылда осындай марапат тарату, үлестіру көбейген сияқты. Өз басым бұл мәселеге балаға кәмпит берген сияқты деп қараймын. Иә, кейбіреулерде осындай "ауру" бар, осы марапат неге оған берілмеді, неге анау алды деген әңгімелер кездеседі. Ондай әңгіменің шығуы да осы марапаттың халық емес, мемлекет тарапынан берілуінен шығар деп ойлаймын.
– Балаға кәмпит бергендей деп қалдыңыз, ана атақ маған емес, анаған бұйырып кетті деп айтылып қалатын өкпе-реніштерді меңзедіңіз бе?
– Өкінішке орай, біздің шығармашылық адамдарында, қайраткерлеріміздің, атақты адамдарымыздың ішінде де осындай ауру барын мойындауымыз керек. Шындығында бұл мәселені [марапаттауды] мемлекет шешкен уақыттарда, мұны халықтың берген атағы, халықтың берген мәртебесі деп ойламауымыз керек.
– Ешкімнің еңбегін құнсыздандырғым келмейді. Бірақ бір сәтте ондаған адамға орден-медаль тарату, сол атақ-марапатты құнсыздандырып жібермей ме?
– Әрине, құнсыздандырады. Және ең бастысы, менің ойымша, сол марапатты алған адамдардың өзіне де ыңғайсыздау болады, неліктен мен алдым, менімен қатар не менен да артық адамдар алған жоқ деген ой оларға да келеді. Сондықтан бұл екі жаққа да тиетін ыңғайсыз жағдайға алып келеді. Бұйырмаған адамдарда өкпе-реніш, ал алған адамдарда ыңғайсыздық сезімі пайда болады. Бұл марапатты мемлекет, ведомство бергенін, халық бермегенін түсінейік.
– Совет өкіметі тұсында билікті мақтап-мадақтаған, соның пропагандасына жұмыс істеген адамдардың жоғары награда алғаны тарихтан белгілі. Ел аузында қазіргі билік те марапатты еңбекті бағалау үшін ғана емес, өзіне азаматтардың адалдығын күшейту үшін табыстайды деген де пікір бар. Бұған келісесіз бе?
– Иә, келісемін. Себебі, ең қызығы, осындай марапат, ордендер берілген адамнан кейіннен, ол адам белгілі бір іспен қылмыстық жазаға тартылатын болса, әлгі марапаттардан айыратыны қызық. Себебі ол марапаттарды әлгі адамға жасаған еңбегі үшін берді ғой, оны қайтарып алу мүмкін емес. Бірақ бізде билік ұнатпайтын мәселелерді қозғап, көтерген адамдарға осындай марапаттар бұйырмай, немесе олар әлгіндей жауапқа тартылғанда ол марапаттарды қайтарып алатыны тіптен ыңғайсыз, күлкілі жайт. Сондықтан, иә, бұл билікке деген көзқарасқа байланысты берілетін марапат екенін мойындауымыз керек.
– Яғни, бұған дейінгі істеген еңбегіңмен ғана емес, бұдан кейін де біздің жақта бол деген сияқты месседж ғой?
– Иә, бір жағы – аванс. Кім саған марапат беріп, мәртебеңді көтеріп отырғанын ұмытпа деген мәселе, міндетті түрде астарында осы жатады.
– Қазақстанда сарапшылар да, депутаттар да қазір экономикалық қиындық, қымбатшылық, тұрмыстағы дағдарыс мәселелері өте ауыр жағдайда екенін, алдағы жылдары оңала қоюы екіталай екенін айтады, кірісінен шығысы көп бюджет мәселесі тағы бар. Осындай жағдайда көп адамға атақ-дәреже тарату назарды басқаға бұрудың амалы емес пе деген күдік те айтылады. Бұған не айтасыз?
– Назарды басқаға бұру деп айта алмас едім. Бұл баяғы қалыптасқан бір тәсілі де мемлекеттің. Ара-тұра осы мемлекетке оң көзқарастағы адамдарды халықтың ішінен өздері іріктеп, таңдап алып, өздері осындай атақ-дәреже беру – баяғыдан келе жатқан тәсіл. Кеңес өкіметінен кеттік дегенімізбен, басқарып отырғандар сол бұрынғы коммунистік партияның басшылары. Сондай тәсілден басқаны білмейтін сияқты бізде идеологиялық салада жұмыс істейтін азаматтар. Сондықтан кейінгі бір-екі жылдың ішінде атақ-марапат беру көбейгені рас.
– Бұрын совет өкіметі кезінде болған, Қазақстан тәуелсіздігін жариялаған соң жоғалып кеткен, мысалы, "Қазақстанның халық әртісі", болмаса "Қазақстанның халық жазушысы" деген сияқты және тағы басқа атақ-дәрежелер кейін тіріліп, қайта қатарға қосылағанын көрдік. Бұл не үшін қажет болды?
– Жаңа айттым ғой, бұл идеологиялық бағытта жұмыс істейтін адамдардың бар көрген-білгені – кеңес өкіметінің тәсілдері. Бұл кеңес өкіметінің бір бағыты-тұғын, халықпен жұмыс істеуінің бір әдісі. Біздің басшыларымыз содан әлі ажырай алмай отыр, басқа жолын, басқа тәсілін көрмей, сол бұрынғы сүрлеумен келе жатыр. Мысалы, бұрын Назарбаевтың сөзін іліп қоюшы еді, ал қазір Тоқаевтың сөзін жазып қояды. Бұл да совет өкіметінен келе жатқан мәселе. Дәл сол сияқты тоталитаризмнен қалған бір сарқыншақ іспетті, соны әлі күнге ұстап отыр.
– "Ұсынысты сұраныс тудырады" деген нарық анықтамасы бар ғой. Қазақстан қоғамында атаққұмарлық қатты белең алып келген жоқ па? Сондай көңіл-күйді билік дөп басып, соны қанағаттандырып, марапат пен атақ-дәреже таратудың бір себебі содан шығып жатқан жоқ па?
– Иә, қазақ қоғамында осындай атаққұмарлық, мансапқұмарлық дерті бар екені рас, оны жоққа шығара алмаймын өз басым. Кейбіреулер түсінбейтін шығар, мысалы, әлемдегі ең үлкен марапат – Нобель сыйлығы. Ол мемлекеттік сыйлығы емес, оны қоғамдық ұйым береді. Менде де оншақты марапат бар, төске тағатын белгі. Соның 99 пайызы – маған қоғамдық ұйымдардың бергені. Тек біреуін – "Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері" белгісін мемлекет берді, оны алуға тура келді. "Парасат" орденіне ұсынғанда мен одан бас тарттым, оны бірден айтып қояйын. Сондықтан "марапат ауруы" біздің бәрімізде бар сияқты. Бірақ мынаны түсінуіміз керек: жеке бір ұйымдардың я топтардың саған рақмет айтуы бар. Ал мемлекеттің айтқан "рақметінің" астарында, ашық айтылмаса да, сол мемлекетке деген сенің көзқарасыңды қалыптастыру болмаса сол мемлекеттің бағытын қолдау бәрібір жатады.
Шетелде қалай марапаттайды?
Ресейде мемлекеттік наградалар көбіне президент жарлығымен беріледі. Марапаттау рәсімі жылына бірнеше рет, мерекелер мен айтулы даталарда өтеді. Жоғары награданы кім, қашан алатынын Ресей басшысы өзі шешеді. Мемлекеттік марапатқа көбіне күштік құрылым өкілдері, шенеуніктер, мәдениет және ғылым қайраткерлері, билікке жақын бизнес өкілдері ие болады. Сыйлық алғандардың нақты саны толық жарияланбайды. Ашық деректердегі ақпаратқа қарағанда, елдегі ең жоғары награда – "Әулие Андрей Первозванный" ордені. Ол 1998 жылдан бері беріліп келеді. Осы күнге дейін 28 адам алған, марапатталғандар арасында Қазақстанның бұрынғы президенті Нұрсұлтан Назарбаев та бар.
Орталық Азия елдеріндегі азаматтарды марапаттау дәстүрі Ресейге қатты ұқсайды. Орден-медальдар атауы, дәрежесі де бұрынғы совет кезінен үлгі алған. Мемлекеттік сыйлықтар салтанатты жиындарда үлестіріледі. Бұған қоса, орден-медальдарды кім алатынын Ресейдегі сияқты биліктегі бірінші тұлға шешеді. Көп жағдайда қоғам кандидаттың аты-жөнін, лауазымын марапат берілгенде не жарлық шыққанда ғана біледі. Оның өзінде "Не үшін берілді?" деген мәселе ашық айтылып, талқыланбайды. Билікке ыңғайлы тұлғаларға орден-медальді оңды-солды тарату арқылы авторитар елдер өзіне адалдық пен бақылауды күшейтуді көздейді деп есептейтін сарапшылар да бар.
Постсоветтік елдерде мемлекет басшысының туыстары мен оған жақын адамдарды марапатқа ұсыну қалыпты дүниеге айналған. Кей елдерде президенттің өзіне жоғары награда беру заң жүзінде бекітілген. Мәселен, Түркіменстанның бұрынғы президенті Ғұрбанқұлы Бердімұхамедов бірнеше рет "Түркіменстан Батыры" атағын алды. Ал Қазақстан президенті лауазымы бойынша елдегі ең жоғары марапат "Алтын қыран" орденінің иегері атанады. Өзі де мұны басқа елдің басшыларына сапарлап келгенде табыстаған.
Мемлекеттік награданы ең көп тарататын әлем елдері қатарында Ұлыбритания да бар. Мұнда жылына екі рет мыңнан астам адам түрлі дәрежедегі орден-медальмен марапатталады. Бірақ постсоветтік елдерге қарағанда, бұл науқанға халық араласа алады. Тізімге енетін үміткерлердің төрттен бір бөлігін азаматтар ұсынады. Сөйтіп жыл сайын 3 жарым мың кандидаттың арасынан арнайы комитет сүзгісінен өткен 1200 адам марапат тізіміне енеді. АҚШ-та, керісінше, ұлттық награда саны шектеулі. Елдегі ең жоғары марапат саналатын "Президенттік бостандық медалі" осы күнге дейін 670 адамға берілген. Бұл сыйлық 1963 жылы тағайындалған.
ПІКІРЛЕР