Еуроодақта Ресейге санкция салатын тетік қалды ма?

Германия, Франция, Украина, Ұлыбритания және Польша басшылары Киевте. 10 мамыр.

Еуропа лидерлері Ресейге қарсы 17-санкция пакеті жарияланғанға дейін-ақ келесі қадам одан ауыр болатынын айтқан еді.

Бірақ кей сарапшылар Еуроодақ қолда бар әсерлі тетіктерін пайдаланып қойғанын айтады. Олардың сөзінше, Вашингтон Киев пен Мәскеуде келіссөзге итермелеп, санкциялауға құлықсыз болып тұрған тұста Еуропаның қолынан келері шамалы.

– Біз қолдана алатын тетіктер АҚШ-тың қатысуын қажет ететін шаралардан тұрады, – деді Азаттыққа Киев экономика мектебі институтының (KSE Institute) аға экономисі Бенжамин Хилгенсток.

Экономистің сөзінше, бұл шаралар әлемдік нарықты Ресей мұнай-газынан тазартуды көздеуі мүмкін. Егер АҚШ бұл бастамаға қосылып, екінші деңгейлі санкцияларын жарияламаса, Үндістан, Қытай және Түркия секілді елдер Ресей табиғи ресурстарын сатып алуды жалғастыра береді дейді сарапшы.

10 маусым күні Еуропа лидерлері Мәскеуге ескерту жасап, Кремль Вашингтон ұсынған 30-күндік бітімге келіспесе Ресейге ауыр санкция салынатынын мәлімдеген.

Бұл ескерту бетбұрыс болардай әсер қалдырған еді, бірақ көп ұзамай трансатлантикалық ауызбіршілік әлсіреп қалды.

19 мамыр күні АҚШ президенті Дональд Трамппен телефон арқылы сөйлескен Владимир Путин бітім жасасуға құлық танытпады. Бірақ Трамп әлі де АҚШ санкциясы жағдайды "ушықтырып жібереді" деп санайды.

Шындығын айтқанда, Еуропа лидерлері мәлімдеген "ауыр" санкция Еуроодақтың 20 мамыр күні жарияланған 17-санкция пакетіне қатысы жоқ. Бұл екеуі қатар жүрген.

БОС ҚОРҚЫТУ МА?

Енді Еуропа лидерлері АҚШ-тың қатысуын қажет етпейтін ірі қадамға баруы керек, әйтпесе олардың айтқан бос сөз болып қалмақ.

Литва сыртқы істер министрі Кястутис Будрис ірі қадам жасауға мүмкіндік бар дейді. Оның сөзінше, Еуроодақ Ресей энергетикасы экспортына қарсы шараларды екі есе күшейте алады.

– Біз Ресей бюджетін және олардағы соғыс машинасын табыс көзінен айыруымыз қажет. Мұның ішінде газ, мұнай және сұйылтылған табиғи газ бар. Біз осының бәрін тоқтатуымыз керек, – деді ол.

Бірақ іс-жүзінде Испания, Нидерланд және Бельгия секілді елдер сұйылтылған табиғи газды былтырғыдан артық көлемде импорттап отыр. Будрис әлемдік нарықта балама бағыт көп екенін айтады.

– "Ой, олар тым қымбат, шығыны көп, біз оны көтере алмаймыз" дейтіндер бар. Қараңыздар, біздің (Литва) қолымыздан келді, – дейді Будрис.

Баға туралы даудың бір айтары бар: санкциялардың қарымта әсері Еуроодақты осыған дейін қалай тежеп келсе, алда да дәл солай тежеп отыруы ықтимал.

Санкциялар "біз өзіміз қалаған деңгейден тереңірек болғанда ғана ауыр болмақ" дейді Лондондағы Royal United Services Institute (RUSI) сарапшысы Том Китинг. Оның сөзінше, санкциялар Еуроодақтың өз экономикасына қарымта соққы болып тиетін дәрежеде ауыр болмайынша, Ресей экономикасына қатты зиян тигізбейді.

Сұйылтылған табиғи газ таситын танкер Польшадағы терминалда. 2017 жылғы сурет.

ЭНЕРГЕТИКА ЭКСПОРТЫН НЫСАНАҒА АЛУ

Бенжамин Хилгенсток Ресейдің сұйылтылған табиғи газын экономикалық мақсатта сатып алатын елдер мен санкцияға саяси мақсатта – Мәскеумен саяси жақындығы болғаны үшін қарсы шығатын елдерді бөлек қарастыру керек дейді.

Экономикалық кедергілер еңсерілгенімен, саяси факторлар санкцияны күшейтуді одан әрі де тежей бермек.

Еуропа лидерлері келесі санкция пакеті энергетика секторын қамтитынын айтты, бірақ бұл тым жалпылама түсінік. Кейбірі қаржы тетіктерін меңзеп отыр.

"Салыстырмалы түрде қарасақ, олар нені айтып отырғаны түсініксіз" дейді Хилгенсток. "Олар қолында бар тетіктерді әсірелеп отыр ма? Меніңше, әсірелеп отыр".

Еурокомиссия басшысы Урсула фон дер Ляйен 16 мамыр күнгі сөзінде келесі қадам қандай болатыны жөнінде бағыт-бағдар бергендей болды.

"Бұл – тізімге Ресей көлеңкелі флотының кемелерін көбірек қосу жұмыстарын қамтиды" деді ол иесі анық емес кемелерді меңзей отырып. Ресей мұнайы мен газына салынған санкцияларды айналып өтуде осындай кемелер қолданылып келеді.

17-санкция пакеті мен сол күні жарияланған Ұлыбритания шараларында онсыз да ондаған кеме қарастырылған. Демек, келесі санкция пакетіне көбірек кемені қосу осы бір бағытты күшейту ғана болмақ, мұны жаңа немесе ауыр қадам деуге келмес.

Еурокомиссия басшысы Урсула фон дер Ляйен Брюссельдегі Еуроодақ штаб-пәтерінде өткен жиынға келген сәт. 20 мамыр 2025 жыл.

ӘЗІРГЕ БӘРІ ӘҢГІМЕ ДЕҢГЕЙІНДЕ

Фон дер Ляйен сондай-ақ Ресей мұнайының шекті бағасын төмендету мәселесін де атап өтті. Бұл Ресей 2022 жылы Украинаға басып кіргелі қолданылған жазалау шараларының бірі еді. Бірақ мұны іске асыру үшін АҚШ-тың келісімі қажет.

Үш жыл ішінде салынған санкциялар Ресей экономикасына үлкен соққы болып тиді, бірақ Мәскеу агрессиясын тоқтата алмады.

Дей тұрғанымен, Еуропа саясаткерлері кейінгі шараларын жарияларда табандылық танытып отыр.

Ұлыбритания сыртқы істер министрі Дэвид Лэмми Путинді "соғыс бастаушы" деп атап, оны 30 күндік бітімге келісуге шақырды.

"Бейбітшілікке деген талпынысты баяулату Украинаның өзін-өзі қорғауына деген көмегімізді, Путиннің соғыс машинасын шектейтін санкцияларымызды екі еселейді" деді ол.

Еуроодақ сыртқы істер министрі Кая Каллас әлеуметтік желідегі жазбасында "Ресейге қарсы қосымша санкциялар әзірленіп жатыр" деп мәлімдеді.

Китинг әсерлі санкция туралы сөз орындалмаса, сенім жоғалатынын айтады.

"Бұл [Ресей сыртқы істер министрі Сергей] Лавров пен өзгелерге "еуропалықтар сөйлей береді, бірақ ештеңе істей алмайды" деп айтуға мол мүмкіндік береді" дейді ол.

Мұны Хилгенсток та айтып отыр.

"Біз Владимир Путиннің бұл ультиматумға жауабын, нақтырақ айтқанда жауап бермегенін көріп отырмыз" дейді ол 10 мамырда айтылған "ауыр" санкциялар туралы мәлімдемені меңзеп. "Бұл Ресей тарапы не ойлайтынын анық көрсетіп отыр".

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ Тұтқын алмасу, Зеленский-Путин кездесуіне ұсыныс. Стамбұлдағы келіссөз қалай өтті?