Румынияда президент сайлауында еуропашыл кандидат Никушор Дан озды

Румыния президенттігіне кандидат Никушор Дан (ортада) жақтастарының алдында сөйлеп тұр. Бухарест, 18 мамыр, 2025 жыл.

Жексенбі, 18 мамрда Румынияда президент сайлауында Бухарест қаласының мэрі Никушор Дан жеңіске жетті. Ол сайлаудың екінші кезеңінде оңшыл радикал және еуроскептик кандидат Джордже Симионнан озды.

Еуропашыл кандидат Никушор Данды дауыс беруге қатысқан сайлаушылардың 54 пайызға жуығы қолдады деп хабарлады Азаттықтың Румын қызметі. Ал оның бәсекелесі Симион шамамен 46 пайыз дауыс алған.

Жексенбі күні сайлауда жеңіске жеттім деп алдын ала жариялап үлгерген Симион кейін жеңілгенін мойындады.

Румыниядағы президент сайлауының бірінші кезеңі 4 мамырда өткен. Ол жолы Симион 40,5 пайыз дауыс жинап, алға шыққан. Ал Данды сол кезде сайлаушылардың 21 пайызы қолдаған еді.

Сайлау қарсаңында Румыния билігі ел президентін сайлауға Ресей килігіп жатқанын аңғартатын белгілер бар деп мәлімдеген. Румыния сыртқы істер министрлігінің өкілі Андрей Цэрнидің айтуынша, сайлаудың екінші кезеңінде Telegram мен басқа да әлеуметтік желілерде "жалған ақпарат тарату науқаны" жүргізілген.

  • Әуелде Румынияда президент сайлау 2024 жылдың қарашасының аяғында өтті, оның бірінші кезеңінде "Румындарды біріктіру альянсының" бұрынғы мүшесі Кэлин Джорджеску жеңіске жетті.
  • 2024 жылғы 6 желтоқсанда Румынияның Конституциялық соты қарашада өткен сайлаудың бірінші кезеңінің ресми қорытындысын жойды. Мұндай шешім сайлау науқанына Ресей араласқаны туралы мәліметтерге сүйеніп қабылданды. Мәскеу мен Кэлин Джорджеску ол айыптауларды жоққа шығарды.
  • Қазір Кэлин Джорджескудің үстінен тергеу жүріп жатыр. Оған алты бап бойынша тағылған қылмыстық айыптар қатарында: конституциялық құрылымға қарсы әрекеттерге арандату, сайлау науқаны аясында жалған ақпарат тарату, фашистік, нәсілшіл немесе ксенофобиялық сипаттағы ұйым құру я сондай бастама көтеру сияқты айыптар бар. Ол Ресеймен байланысы бар дегенді шығарады. Мәскеу де Румынияның ішкі істеріне араласқан жоқпыз деп, тағылған айыпты мойындамай отыр.
  • АҚШ вице-президенті Джей Ди Вэнс 2025 жылдың ақпанында Мюнхендегі қауіпсіздік конференциясында сөйлеген сөзінде, Румыния билігін қараша айындағы сайлаудың бірінші кезеңінің қорытындысын жойғаны үшін сынға алып, оны демократия стандарттарын бұзу әрекеті деп бағалаған. Дегенмен, ол Джорджескудің кандидатурасын тікелей қолдаған жоқ. Ал Еуроодақ, керісінше, Румыния Конституциялық сотының шешімін түсіністікпен қабылдады.