Ресей әскері Украинаға қарсы соғыста кемінде 109 625 адамынан айырылған. 9 мамырдан бері екі апта ішінде қаза болғандардың тізіміне тағы 2009 адам қосылған. Қаза болғандардың тізімін "Медиазона" мен BBC-дің Орыс қызметі еріктілердің көмегімен жүргізіп жатыр.
Ресей Украинадағы соғыста қанша адамын жоғалтқанын айтпайды. Бұл ақпарат құпия саналады. Журналистер ашық дереккөздер мен мемлекеттік базадағы жанама ақпараттардың негізінде тізімді жасап жатыр. Мұндай мониторингке қаза болғандардың барлығы ілінеді деп айту қиын.
"Медиазона" жаңа есебінде жариялаған ақпаратты әскери әндер айтатын әнші Вика Цыганова өзінің телеграм-арнасында жариялады. Ол Мәскеу түбіндегі Мышецкое ауылындағы зиратқа барып, сонда жаңа жерленген 33 қабірді анықтаған.
"Медиазона" сол зиратта жерленгендерді тізімге енгізді.
Журналистер мен еріктілер әдетте статистиканы әлеуметтік желі, некрологтар мен өзге де ашық дереккөздерден жинайды.
Мышецкое ауылындағы зират 2024 жылдың қараша айынан бері жиі қолданыла бастаған: онда қаза болғандардың 23-і былтыр 1 қарашадан кейін опат болған.
Тізімдегілердің төрттен бірі - еріктілер. Олардың саны 27 мыңнан асады. 16 пайызы – тұтқындар (17 мыңнан астам адам). 11 пайызы (12 мыңнан астамы) – мобилизацияланғандар.