Министрлікті сынап жүрген Кирилл Павлов өзін "жалған ақпарат таратты" деп айыптағанын хабарлады

Ауыл шаруашылығы министрлігін (АШ) сынап жүрген сарапшы Кирилл Павлов әлеуметтік желі парақшаларында егіс алқаптарына қатер төндіріп жатқан шегірткелер туралы бірнеше пост жазған. Осыдан кейін сарапшы өзіне қарсы "Жалған ақпарат тарату" (456-2, 3-бөлік) бабы бойынша хаттама толтырылып, сотқа шақырылғанын хабарлады.

Оның соты 22 мамырда таңертең өтуі тиіс болған, алайда өтпей қалған.

Кирилл Павлов өзінің жазбаларында АШ министрлігі Қазақстан бойынша 2,1 млн га жер шегірткеден зардап шеккенін айтқанмен бір ғана Жамбыл облысында азиялық шегірткенің таралу аумағы 2.6 млн га жететінін жазған.

"Және бұл кофеге қарап жасалған жорамал емес – ұзақ уақыт бойы жүргізілген бақылаулар, мұрағат, спутник суреттері және нақты көші-қон бағыттарына [негізделген]. Бұл аймақтар әр маусым сайын зардап шегеді. Бұл жерде «мүмкін» деп айта алмаймыз – қазір «болып отыр» деп жазды Кирилл Павлов.

Ол АШ министрлігінің деректеріне сүйене отырып, 2024 жылы шілдеде Жамбыл облысында шегірткеге қарсы 96 мың гектар жер өңделгенін, бірақ аумақта шегірткенің таралу аумағы 3,5 млн гектардан асқанын алға тартқан. Ол 2024 жылы осындай шараларға 8,1 млрд теңге жұмсалғанын атап өткен.

Ratel сайтының жазуынша, шегірткеге жауапты ауыл шаруашылығы министрлігіне қарасты өсімдікті қорғау басқармасы Павловтың жазбасындағы деректерді жоққа шығарып, Жамбыл облысында шегіртке басқан аумақ көлемі 107 мың гектардан асқанын, министрліктің жүйелі жұмыс жүргізіп жатқанын айтқан. Министрлікке қарасты Жамбыл облысындағы «Республикалық фитосанитариялық диагностика және болжамдар әдістемелік орталығы» республикалық мемлекеттік мекемесі Павловтан жазбаны өзгертуді сұраған.

Сайттың жазуынша, сотқа шақырылған Павлов енді бұған жауап ретінде бас прокурорға арыз жазып, ғайбаттау және кәсіби қызметіне кедергі келтіру бойынша шағым жазған.

"Ауыл шаруашылығы министрлігі конструктивті қимылдаудың орнына мемлекетке көмектесу мақсатында пікір айтып, материал жариялағаны үшін қысым, қоқан-лоқы және жария түрде айыптауға көшті" деді Павлов. Оның сөзінен сайт үзінді келтіреді.

22 мамыр күнгі брифинг кезінде Азаттық тілшісінің сұрағына жауап берген ауыл шаруашылығы вице-министрі Ермек Кенжеханұлы Павловтың желідегі жазбаларында “тиісті дәйектемелер” жоғын, шегірткенің таралу ауқымы барған сайын азайып келе жатқанын айтты.

“Біріншіден, былтырмен салыстарғанда шегірткенің таралу аймағы азайып келе жатыр. Екіншіден, ақпаратта тиісті берілген дәйектемелер жоқ. Сонымен қатар статистика бойынша да дұрыс дәйектемелер берілмеген. Бұл жерде біздің айтып отырғанымыз, 2,1 млн га жоспарланып отыр, ал берілген ақпаратта шегірткенің таралу аумағы кем дегенде 5 млн га деп көрсетілген” деді вице-министр.