Гарвард университеті шетел студенттерін оқыту мүмкіндігінен айырылды

Кристи Ноэм

АҚШ үкіметі Гарвард университетіне шетел студенттерін қабылдауға тыйым салды. Бұған қоса, президент Дональд Трамптың әкімшілігі қазіргі студенттерді басқа оқу орындарына ауысуға мәжбүрлеп жатыр, өйпеген жағдайда олар елде заңды тұру құқығынан айырылады. Бұл туралы бейсенбі күні ұлттық қауіпсіздік министрлігі хабарлады.

Ұлттық қауіпсіздік министрі Кристи Ноэм Гарвард университетінің студент алмасу бағдарламасын "зорлық-зомбылықты, антисемитизмге дем береді және Қытай коммунистік партиясымен байланысы бар" деп айыптап, аталған бағдарлама бойынша сертификат беруді тоқтатты.

Университет бұған дейін министрлікке кейбір шетел студенттері туралы мәлімет беруден бас тартқан.

«Университеттердің халықаралық студенттерді қабылдап, қымбат оқу ақысы арқылы миллиардтаған долларлық қорын толықтыру бұл құқық емес –артықшылық», - деді Ноем.

Гарвард басшылығы мыңдаған студентке қатысы бар Трамп әкімшілігінің әрекетін заңсыз және кек алу талпынысы деп атады. Бұл жоғары оқу орнының академиялық және зерттеу миссиясына нұқсан келтіретінін де айтты. Университет зардап шеккен студенттерді қолдауға уәде берді.

2024-2025 жылы Гарвард 6800 шетел студентін қабылдаған, бұл оқу орны қабылдаған студенттердің 27 пайызы деп жазды Reuters.

Президент-республикашыл Дональд Трамп бүкіл елдегі жеке колледждер мен мектептерді Америкаға қарсы, марксистік және радикалды солшыл идеологияны насихаттайды деп айыптап, жүйені қайта өзгертуге тырысып жатыр. Трамп Гарвардты профессорлық-оқытушылық құрамға немесе басшылық лауазымдарға танымал демократтарды жалдағаны үшін сынады.

Сәуір айында Трамп әкімшілігі Гарвард университетін азаматтық құқықтар туралы заңды бұзды және антисемитизммен тиісті дәрежеде күреспей отыр деп айыптап, 2,2 миллиард доллар көлемінде федералдық қаржыландыруды тоқтататынын мәлімдеген. Ақ үй сонымен қатар Колумбия университетіне 400 миллион долларға жуық қаржы беруді де тоқтатты. Мұндай қадам 2023 жылы Израиль мен Газадағы оқиғалардан кейін Американың оқу орындарындағы палестиналық студенттерді жақтаған наразылық толқынына жауап ретінде жасалды.