Еуроодақ елдері 150 млрд еуроның қорғаныс қорын құруға келісті

Еуропа одағы елдері көлемі 150 млрд еуро болатын қорғаныс қорын (ағылшын тіліндегі атауы – Security Action for Europe, SAFE) құру туралы келісімге келді. Қор қаржысы қорғаныс саласын нығайтуға жұмсалатын болады деп хабарлады Reuters пен Financial Times басылымдары өз дерек көздеріне сүйеніп.

Қор бірлесіп қарыз алу жолымен қаржыландырылатын болады және ол Еуроодаққа мүше елдер мен Украина сияқты кейбір басқа елдерге де қорғанысын күшейтуге және еуропалық қару-жарақ өнеркәсібін дамыту жобалары үшін несие түрінде көмек көрсетуді көздейді, – деп хабарлады "Настоящее время" арнасы.

Бұл бастаманы Еуропа комиссиясы 2025 жылдың наурыз айында ұсынған. Бастама жақын жылдары қорғаныс қажетіне 800 миллиард еуроға дейін қосымша қаржы бөлуге мүмкіндік береді. Осы жоспар аясында 150 миллиард еуро несие ретінде тартылмақ, ол қаржы қару-жарақ сатып алуға да жұмсалады.

Қалған 650 миллиард еуроны Еурокомиссия төрайымы Урсула фон дер Ляйен Еуропалық инвестиция банкінің қаржысы есебінен, жеке инвесторлардан, сондай-ақ Еуроодақ елдерінің қорғанысқа бөлетін шығындарын арттыру жолымен алуды ұсынды.