"Демократия үшін күрес ешқашан тоқтамайды". Прагадағы Unlock-2025 жиынында не айтылды?

Қырғызстандық белсенді Жулдызай Турдыбекова UNLOCK-2025 жиынында жобасын таныстырып тұр. Прага, 19 мамыр, 2025 жыл.

19-20 мамырда Чехия астанасында Шығыс Еуропа, Оңтүстік Кавказ және Орталық Азия белсенділері мен журналистерінің, тәуелсіз сарапшылардың басын қосқан Unlock-2025 жиыны өтті. Қазақстаннан бұл жиынға жиырма шақты адам қатысты.

Жыл сайын Чехия астанасы Прага қаласындағы Азаматтық қоғам орталығы (Prague Civil Society Centre) әр елден жүздеген адамның басын қосып, өзара тәжірибе алмасу үшін Unlock деп аталатын жиын өткізеді. Биылғы Unlock-2025 конференциясына да Орталық Азияның, Кавказ бен Шығыс Еуропаның белсенділері, журналистер мен контент жасаушылар, технология жаңашылдары, тәуелсіз сарапшылар жиналды.

Unlock жиынына екі жылдан астам уақыт Ресей тұтқынында болған украиналық құқық қорғаушы, журналист Максим Буткевич те қатысты. Әсіресе Грузияның бұрынғы қорғаныс министрі, қазір Civic IDEA талдау орталығын басқаратын Тинатин Хидашелидің баяндамасы үлкен қызығушылық тудырды. Ол жетекшілік ететін орталық советтік терроризм мұрасымен күрес, ресейлік пропагандаға қарсы тұру және Грузияның қауіпсіздік саясатын нығайту мәселелерімен айналысады.

Қазақстандағы PaperLub зерттеу орталығының директоры Cерік Бейсембаев UNLOCK-2025 жиынында. Прага, 19 мамыр, 2025 жыл.

Жиынға алғаш рет қатысып отырғандардың бірі – Қазақстандағы PaperLub зерттеу орталығының директоры Cерік Бейсембаев.

– Мен Хидашелидің "Демократия үшін күрес ешқашан тоқтамайды, ол тек бір нүктеден екінші нүктеге көтеріліп отыратын көп сатылы процесс" дегеніне толық келісемін. Байқағанымдай, бұл жиынның ортақ бір күн тәртібі бар, ол – аймақтарда сөз еркіндігі шектеліп, азаматтық құқықтар бұзылып, авторитаризм күшейген жағдайда қалай әрекет ету керек деген талқы. "Азаматтық қоғамды қайта үйлестіру" деген сессиясында басқа тәжірибелерді тыңдап, өзіміз жайлы айттым, - деді Бейсембаев.

"Біз үйімізде бәрі жақсы болғанын қалаймыз!"

Қазақстандық Oyan, Qazaqstan тіркелмеген жастар қозғалысының белсенділері Марат Тілеубек пен Бота Шәріпжан Қазақстанда 2023 жылы өткен парламент сайлауына қалай бақылау жасағанын баяндайтын видео көрсетті. Онда елге өзгеріс әкелуді мақсат тұтқан жас ғалымның өз кандидатурасын парламент депутаттығына ұсынғаны баяндалған. Бірақ сайлауда ол салмақты дауыс жинағанымен парламентке билеуші партияның өкілі өткен. Белсенділер бұл шынайы оқиға екенін айтты.

– Қазақстандағы белсенділік қазір өте ауыр кезеңді бастан өткеріп жатыр. Үздіксіз репрессиялар азаматтық қоғамға қатты қысым жасап отыр. Темірлан Еңсебектің мысалы – әр белсендінің құқығын қорғау үшін қаншама күш қажет екенін көрсетеді. Біз оны босатуға қол жеткіздік, бірақ ол үшін орасан зор күш-жігер мен эмоциялық ресурстар қажет болды. Осындай жайттар белсенділерді қатты қажытады және жалпы күреске әсер етеді, – деді қазақстандық белсенділер.

Unlock-2025 форумына келген қазақстандық белсенділер мен журналистер. Прага, 19 мамыр, 2025 жыл.

"Белсенділікпен не үшін айналысып жүрсіз?" деген Азаттық тілшісінің сауалына Марат Тілеубек "кішкентай қызым үшін" деп жауап берді. Ол Oyan, Qazaqstan мүшелеріне көрсетіліп отырған қысым барын, бірақ қауіпсіздік үшін әзірге ол кейстерді жария ете алмайтынын айтты.

– Қызым өз үйінде, жақсы мемлекетте өмір сүргенін қалаймын. Бізде гранттар да, ақша да, белсенділік үшін жалақы да жоқ. Сондықтан бұл іспен тұрақты айналысу қиын. Уақыт пен күш те жете бермейді. Бірақ бұл – менің үйім, барша Oyan, Qazaqstan мүшелерінің үйі және біз үйімізде бәрі жақсы болғанын қалаймыз. Әрине, бізбен келіспейтіндер де бар, бірақ ол біздің ортақ болашағымыз үшін күресімізді тоқтатуға себеп бола алмайды, – деді Марат.

Оның сөзін қоштаған Бота Шәріпжан Oyan, Qazaqstan қозғалысындағы креативті пікірі мен позициясы ортақ жастардың өзіне шабыт пен қолдау беретінін айтады. Ол былтыр желтоқсанда Oyan, Qazaqstan қозғалысының тағы бір өкілі Равкат Мұхтаровпен бірге Қаңтар оқиғасын, Жаңаөзен мен Желтоқсан оқиғасын еске алу акциясын өткізгені үшін 15 күн әкімшілік қамауда отырып шыққан.

– Бізде, жастар арасында саясат немесе оппозиция тек кәрілер айналысатын нәрсе деген стереотип қалыптасқан. Көшеге тек үлкен кісілер шығады немесе митингіге "қаланың жындылары" қатысады деген де түсінік бар. Бірақ біз жастарға өз әрекетімізбен оппозицияның басқа қыры барын көрсетіп жатырмыз. Мәселен, Қазақстанда бейбіт жиындар туралы заңдар мүлде жұмыс істемейді. Митингіге шығу немесе наразылық білдіру мүмкін емес. Мен аптасына бір рет поштаға барып, саяси тұтқындарға хат жолдап, әлеуметтік желідегі сторисіме саламын. Осылайша, саяси тұтқындарға хат жазғаныңыз үшін ешкім сізді жазаламайды дегенді өзгелерге түсіндіруге тырысамын, – деді Бота Шәріпжан.

Осыған дейін кім хат жаздыңыз?

Әйгерім Тілеужанға үнемі хат жолдап тұрамын. Марат Жыланбаевқа және басқа саяси тұтқындарға хат жазып тұрамын. Жыланбаевтың жағдайы өте ауыр және ол мені қатты алаңдатады.

Oyan, Qazaqstan қозғалысының қазіргі жағдайы қалай? Белсенділікпен айналысқанымыз үшін қуғын-сүргінге ұшырауымыз мүмкін деген қорқыныш бар ма?

– Биыл Oyan, Qazaqstan үшін өте қиын болды. Темірланға қатысты жағдай бізді қатты шаршатты. Бұл біздің бірінші саяси тұтқынымыз болды, сондықтан көп күш жұмсалды. Қорқыныш әрдайым бар және ол белсенділікпен айналысқан соң үнемі болады да. Себебі өзіңді қауіпсіз сезіне алмайсың. Бірақ біз қолымыздан келгенше әрекет етуге тырысып жүрміз және тоқтамаймыз.

Прагадағы жиында қазақстандық режиссер Катерина Суворованың Qoryqpa атты деректі фильмі көрсетілді. Фильм Алматыда кісі қолынан мерт болған танымал спортшы, 2014 жылғы қысқы Олимпиаданың қола жүлдегері Денис Теннің қазасы туралы оқиғадан басталады. Тосын қаза адамдарды біріктіріп, жаңа әлеуметтік қозғалыстың басталуына себеп болады. Qoryqpa фильміндегі кейіпкерлердің бірі журналист әрі белсенді Әсем Жәпішева туындыны талқылауға қатысып, өз ұстанымы жайлы қойылған сұрақтарға жауап берді.

Қазақстандық Oyan, Qazaqstan тіркелмеген жастар қозғалысы 2023 жылы парламенттік сайлаудан бөлек, Қытайдағы ұйғыр геноцидіне арналған үлкен фестиваль де ұйымдастырған. Алматының Наурызбай аудандық соты 2025 жылы сәуірде Qaznews24 сатиралық паблигінің авторы, Oyan, Qazaqstan белсендісі Темірлан Еңсебекті "ұлтаралық араздық қоздырды" деген айыппен жауапқа тартып, бес жылға бостандығын шектеді және қоғамдық жұмыспен, соның ішінде журналистикамен айналысуына, митингіге қатысып, сұхбат беруіне тыйым салды.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ "Қамамай тұншықтырды". Темірлан Еңсебекке шыққан үкімге реакция

"Саясатты қозғамаймыз"

Прагадағы жиынға Түркіменстан, Тәжікстан мен Өзбекстанның азаматтық ұйым өкілдері де келген. Азаттық олардың кейбірімен сөйлесіп көрді.

19 жастағы Мира Дадоева Тәжікстандағы жасөспірімдерге арналған алғашқы комикс жобасында тәлімгер. Оның сөзінше, бұл жобада жұмыс істейтіндердің жасы 30-дан аспайды және Тәжікстан жастары үшін маңызды саналатын буллинг, гендерлік теңсіздік, әлеуметтік әділетсіздік тақырыптарын қозғап, иллюстрациялар арқылы жастарды мазалайтын мәселелерді жеткізуге тырысады. Өзі жайлы сөзінде Мира өмірде жолым болды деп санайтынын жеткізді. Өйткені, Тәжікстанда әлі күнге дейін қыздарды мектеп бітірген соң бірден күйеуге беріп, білім қууға кедергі болатын үрдіс өзгермеген.

Unlock-2025 жиынына қатысушылар. Прага, 19 мамыр, 2025 жыл.

– Бірақ менің отбасымда олай емес. Білім алуды міндет деп санайтын отбасында дүниеге келгеніме өзімді бақытты сезінемін. Көптеген құрбыларыма мұндай мүмкіндік бұйырмады. Көбі мектепті бітірмей жатып тұрмысқа шығып кетті. Мемлекет саясатына әсер етуге тырысып жүрген үкіметтік емес ұйымдар да бар. Солардың арқасында Тәжікстанда әйел адам айналысуға тыйым салынған мамандық саны 400-ден 123-ке түсті, – деді ол.

– Тәжікстанда мемлекет саясатын ашық сынайтын үкіметтік ұйымдар бар ма?

– Жоқ. Үкіметтік емес ұйымдар қоғамдық-саяси жағдайға немесе президент саясатына сын айтпайды. Саясатты қозғамаймыз. Өйткені, ашық сын айту қауіпті салдарға апарып соғуы мүмкін. Сондықтан, қауіпсіздікті сақтау үшін сақтықпен әрекет етеді.

Өзбекстандық үкіметтік емес ұйымдар да өз жұмысында саясатты қозғамауға тырысады. Бұл туралы Азаттыққа айтқан өзбекстандық журналист өз аты-жөнін көрсетпеуді өтінді. Оның себебін, ашық пікір білдіргенім үшін Өзбекстанға барған соң қудалануым мүмкін деп түсіндірді.

– Мен экология мәселесімен айналысамын. Білесіз бе, Олий мәжілістегі (Өбекстан парламенті) экология комитетінде 14 депутат бар, соның тек 4-уі эколог. Қалғандары – экология иісі мұрнына бармайтындар. Журналистік зерттеу жасау мүмкін емес, өйткені ақпарат ала алмайсың. Ал кез келген экологиялық проблеманың аяғы шенеунікке барып тіреледі. Үкіметтік емес ұйымдар толық биліктің бақылауында. Олардың шетелден алатын гранты әділет министрлігінің бақылауынан өтеді, рұқсат етілмеген гранттар алынбайды. Өзбекстанда ҮЕҰ-дарды белгілі бір шенеуніктер басқарып отырады. Ең соңында олар біздің есебімізді жұмыстарына пайдаланып, өздері жазғандай етіп көрсете салады, – деді ол.

Өзбекстандық журналистің сөзінше, елде "Демократия институты", әйелдер құқығы жөніндегі ҮЕҰ бар, бірақ барлығы да іс-әрекетінде мемлекеттік органдардың ықпалынан аса алмайды.

Unlock-2025 жиынына Қырғызстаннан келген белсенділер "Еркіндік" деген жазуы бар плакат ұстап тұр. Прага, 19 мамыр, 2025 жыл.

Ал қырғызстандық Жулдызай Турдыбекова Unlock-2025 жиынына "Artka qarai" деп аталатын жобасымен келіпті. Мамандығы заңгер болса да, Жулдызай өнерді қатар алып жүргенін айтты. Ол Қырғызстанда сөз еркіндігі мен жиналу еркіндігі шектелген соң басқа елдердің бұл саладағы жұмыс істеу тәсіл-тетіктерімен танысуға ынтық екен.

– 2020 жылдан кейін Қырғызстанда демократия автократияға ауысты. Сөз еркіндігі, адам құқығы шектеліп, еркін сөйлей алмай қалдық. Қоғамдық ұйымдардың әрекетін шектейтін заңдар қабылданды. Қоғамдық жерлерде, қоғамдық ғимараттарда митинг өткізуге болмайды, сот сондай шешім шығарған, – деді ол.

Беларусьтегі ресей пропагандасына қарсы күрес

Азаттық тілшісі Unlock-2025 жиынына қатысқан беларусь журналисі, "Маланка Медиа" тәуелсіз басылымының жетекшісі Павел Мариничпен де сөйлесті. Ол Беларусьтің 19 тәуелсіз медиасының басын біріктірген, "Қуғында жүрген қоғамдық хабар тарату желісі" деп аталатын стартапын таныстырды.

Беларусь журналисі, "Маланка Медиа" тәуелсіз басылымының жетекшісі Павел Маринич Unlock-2025 жиынында "Қуғында жүрген қоғамдық хабар тарату желісі" деп аталатын стартапын таныстырып тұр. Прага, 19 мамыр, 2025 жыл.

"Шекарасыз тілшілер" халықаралық құқық қорғау ұйымының қолдауымен құрылған жобаға Беларусьтен өзге Украина мен Молдованың тәуелсіз медиа өкілдері де біріккен. Әзірге спутник арқылы Еуропаға хабар таратып жатыр. Ал жуық арада Беларусь халқы Ресей пропагандасынан ада еркін ақпаратқа қол жеткізе алады дейді Маринич. "Мен беларусьпін, бірақ менің елім қазір басқыншылық соғысты қолдап отыр. Алайда Беларусь тек Лукашенко емес", – деді ол.

– Бұл бастама билікке ықпал ету құралы ретінде Беларусь азаматтық қоғамына көмектесуді көздейді. Қазіргі уақытта күнделікті 9 сағаттық жаңартылатын контент бар. Жақын уақытта веб-нұсқасы іске қосылады, ал жылдың аяғына дейін мобильді құрылғыларға арналған қосымшалар пайда болады. Netflix тәрізді платформа арқылы қолданушылар сүйікті бағдарламаларын таңдап, көре алады. Беларусь халқының көпшілігі әлі де теледидарды негізгі ақпарат көзі ретінде пайдаланады. Сондықтан спутник арқылы телехабар тарату VPN-нің қиындықтарын айналып өтіп, аудиторияға тікелей жету тәсілі ретінде маңызды, – деді Павел Маринич.

Журналист өз жобасы Беларусьтің Еуропаға қосылып, тәуелсіз ұлттық болмысын қалпына келтіруге септігі тиетініне сенімді. Павелдің сөзінше, болашақ контенттің көп бөлігі орыс тілінде жасалады және бұл постсоветтік кеңістіктегі аудиторияға оқиғаларды Беларусьтің демократиялық тұрғысынан түсінуге мүмкіндік бермек.

– Беларусь Ресейдің әскери және саяси ықпалында отыр. Елде Ресейдің ядролық қаруы мен әскери базалары орналасқан, бұл жағдай тәуелсіздікке қауіп төндіреді. Ресейдің Украинаға қарсы басқыншылығы Беларусь аумағынан басталды. Бұл бәрімізге ортақ трагедия. Тәуелсіз медиа – халықты шындықпен қамтамасыз етіп, ақпараттық тәуелсіздік үшін күресте маңызды құрал. Бұл жоба Беларусьтің шынайы дауысы мен көзқарасын әлемге жеткізуді жалғастырады, – деді ол Азаттыққа.

Unlock форумы 2018 жылдан бері жұмыс істеп келеді. Биылғы форум Еуропа жеріндегі соғыс пен күрделі геосаяси жағдайда постсоветтік елдердегі авторитарлық режим қыспағындағы азаматтық қоғамды біріктіруде маңызды рөл атқарады дейді жиынды ұйымдастырушылар.