Белсенді Әлнұр Илияшев Балқаш маңына салынайын деп отырған АЭС орны Ресей жалға алып отырған әскери полигон Сарышағаннан небәрі 22 шақырым жерде орналасқанын, ал бұл қауіпсіздік талаптарына сәйкес еместігін атап өтіп, үкіметті сотқа берді. Халықаралық нормаға сәйкес, АЭС әскери нысандардан кемінде 30 шақырым алшақ орналасуы керек.
Белсенді "Гиперборей" арнасына берген сұхбатында маңына атом станциясы салынайын деп отырған Үлкен ауылдық округы мен полигонның шекарасы арасы небәрі 22 шақырым екенін, ал бұл қауіпті екенін айтады. Аталған полигонда ракетаның өзге түрлерімен қатар кемінде мың шақырымға ұшатын құрлықаралық баллистикалық ракеталар да сынақтан өтеді және екі елдің келісімінде де ракета бөлшектері полигон аумағынан тыс жерге құлауы мүмкін екен де жазылған.
"Бұл өте қауіпті. Мен арнайы сервистердің көмегімен 2000 жылдары ратификацияланған келісімде бекітілген шекараларды алып қарадым. Осылайша екі нысан арасындағы қашықтық небәрі 22 шақырым екенін анықтадым. Яғни, Үлкен ауылдық округы мен полигон шекарасына дейінгі аралық. Оның үстіне бізде бұл келісім он жыл сайын ұзартылады. Қазір [кемінде] 2030 жылға дейін полигон істейтіні белгілі" деді Әлнұр Илияшев арнаға.
Белсендінің шағымын 21 мамырда Астананың азаматтық істер жөніндегі ауданаралық соты тіркеген.
Қазақстан үкіметі әзірге белсендінің шағымына реакция білдірмеді.
"Атом электр станциясы" ядролық қондырғысы салынатын аудан туралы қаулыға былтыр 30 желтоқсанда қол қойылған. Оған сәйкес, елдегі бірінші атом электр станциясы салынатын орын ретінде Алматы облысындағы Жамбыл ауданын ресми түрде бекітілген. АЭС салуға қолайлы орын деп айтылып жүрген Балқаш көлі жағалауындағы Үлкен ауылы осы өңірге қарайды.
Белсенді Әлнұр Илияшев соттан осы қаулыны заңсыз деп тануды сұрап отыр.
Қазақстанда АЭС салу туралы жалпыхалықтық референдум былтыр 6 қазанда өтті. Байқаушылар референдумға дауыс беру кезінде заң талаптарын бұзу фактілері тіркелгенін, мысалы, референдум бюллетеньдерін дауыс беру жәшігіне топтап тастау секілді жайттар анықталғанын хабарлаған.
Орталық референдум комиссиясының ресми қорытындысына сай, дауыс берген азаматтардың 71 пайызы Қазақстанда АЭС салуды қолдаған. Президент Тоқаев АЭС-ті халықаралық консорциум салуы керек деп мәлімдеген.
Экологтардың көбі елде АЭС салуға қарсы. Олар атом электр станциясын салуға қолайлы орын деп айтылып жүрген аймақтағы Балқаш көліне АЭС кері әсер етеді деп есептейді. АЭС салуды жақтаушылар негізінен энергия тапшылығын алға тартады. Қоғам белсенділері мен саясаттанушылар АЭС-ті Ресей салатын болса, Қазақстан оған энергия жағынан тәуелді болып қалады деп алаңдайды.