Актер, стэндап-комик Әнуар Нұрпейісов 23 мамырға жоспарланған Астанадағы концерті өтпейтінін мәлімдеді.
Оның сөзінше, екі орын да концерт өткізе алмайтындықтарын айтқан. Бірі “техникалық жұмыстарды” алға тартса (ол мәселе комиктің позициясында болып отырғанын мойындаған), екіншісі ҰҚК-дан хабарласып, концертті өткізуден бас тартуға мәжбүрлегенін айтқан.
“Маған кедергі жасағысы келетін адамдарға қайырылғым келеді. Мені кинематографтардың қара тізіміне енгізгендеріңді білемін. Менімен жұмыс істегісі келетін жарнама берушілер салдарынан қорқады. Стендап комедия - бұл менің жалғыз шығармашылық табыс көзім. Сіздер мені тұншықтырып жатсыздар. Бұл – жаман нәрсе, төмен деңгей. Бұл бізді өркениетті елдер қатарына жақындатпайды. Сіздер адам ресурсын ысырап қылмас үшін қанша талантты адам Қазақстаннан кетуі керек? Еркін шығармашылықпен айналысу үшін не істеуім керек? Сахнаға жүгіріп шығып “президент тигр” деуім керек пе? Сіздер соны жақсы көресіздер ғой...” деді Әнуар Нұрпейісов видеомәлімдемеде.
Әнуар Нұрпейісов өзінің парақшаларында басқарушы партия өкілдерін сынап, биліктің әрекеттерін әзілге қосқан. Ол былтыр желтоқсанда да Астанада концерт өткізетін орын иелеріне қоқан-лоқы жасалғанын айтып, кешін өткізе алмаған еді.
ҰҚК-нің баспасөз қызметі әзірге оқиғаға түсініктеме бермеді.
Бұған дейін Қазақстаннан кеткен режиссер Ермек Тұрсынов та мамырдың соңына жоспарланған кештерін шегеруге мәжбүр болғанын айтқан еді.
22 мамырда ол Нұрлан Сабыровпен "Диалог" атты кеш, 31 мамырда Еркеш Шәкеевпен бірігіп саяси қуғын-сүргін құрбандарына арналған шара өткізбек болған. Almaty Theatre өкілдері оған техникалық себептерді алға тартып, 31 күнгі шараны өткізе алмайтынын ескерткен. Бұған дейін мұны композитор Еркеш Шәкеев те айтқан.